Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Жасы келсе де, жұмыссыз қалдырмайды

«Анда барам – жоқ-жоқ, мында барам – жоқ, жоқ». Елуді еңсергендер екі қолға бір күрек таппай осылай қиналады. Тіпті, жасымызды айтсақ болды – жұмыс берушілердің ат-тонын ала қашатыны көп дейді. Сонда елімізде елуден асып, зейнетке жақындағандарға қандай қолдау бар?

Гүлжан Бұқпантаева бұрын фотосалонда еңбек етіпті. Отбасындағы жағдайға байланысты ол жерден өз еркімен кеткен. Кейін өзіне ыңғайлы жұмыс іздеген екен, ешкім құлшынып шақыра қоймаған. «Мансапқа» келіп, «Күміс жас» жобасы туралы естиді. Арнайы курста оқып, сертификатын алған соң оқу орталығы офис-менеджер етіп жұмысқа алған.

ГҮЛЖАН БҰҚПАНТАЕВА, «КҮМІС ЖАС» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ:

Енді жұмыс іздедім, таба алмадым. Негізі возраст уже келмейді. Алмайды еш жерде. Сосын Мансап орталығына бардым. Сол барғанда маған «Күміс жас» барын айтып, соған жіберді. Жалақы уақытылы төлейді, жақсы жұмыс істесең сыйақы береді.

«Күміс жас» 50 жастан асқан және зейнеткерлік жасқа жетпеген жұмыссыздарға жәрдемдесуге арналған мемлекеттік бағдарлама. Ақтөбеде биыл 120 адамды қамтуды жоспарлапты. Сұраныс үлкен. Мысалы, қазір 85 адамды бағыттаған. Ал 32 жұмыс беруші бағдарламаға қатысуға келісімін беріпті.

АМАНГҮЛ ҚУАНЫШ, ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

50 жастан асқан, зейнеткерлік жасқа міндетті түрде 3 жыл қалған азаматтар мен азаматшаларды бағыттаймыз. Айлық көрсеткіштері 30 АЕК-тен аспайды, 186 мыңнан жоғары жалақыны қамтамасыз етіп тұрады.

Жобаға қатысушыларды аспаз, тігінші, кеңсе қызметкері, шаштараз, психолог, дәнекерлеуші секілді 3-6 айлық курстарда тегін оқытып, стипендия төлейді. Кейін жұмысқа орналастырады. Бағдарлама жұмысқа орналасқан адамға да, жұмыс берушіге де тиімді. Өйткені, жалақысының 70 пайызын мемлекет субсидиялайды. Қалғанын жұмыс беруші төлейді. Орталықта тек егде жастағылар ғана емес, жоғары оқу орнын енді тәмамдаған жас мамандарды қолдауға арналған бағдарламалар да бар.

ДІЛНАЗ БАЙМҰРАТОВА, ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Осындай программаның пайдасы өте зор десек те болады. Өйткені, мысалы біз жастар болғасын білмейтінімізді сол кісілерден ұялмай сұрай аламыз. Ол кісілер бізге жылы қабақпен барлығын егжей-тегжей түсіндіреді. Біз де оларға көмектесеміз.

Зейнет жасы жақындағанда жұмыссыздардың қатарына қосылсаңыз, «Күміс жас» жобасына қатысуға өтініш тастай аласыз. Ол үшін жергілікті жердегі Мансап орталығына жүгінген жөн.

← Все новости