Перейти к содержимому
· 9 просмотров

Дәрігердің бәрі қайда жиналды?

Ақ халатты абзал жандар Ақордаға жиналды. Кәсіби мерекесі қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ медицина қызметкерін жоғары мемлекеттік наградамен марапаттады. Енді Астана медицина университетіне Төрегелді аға Шармановтың есімі берілетін болды.

Ақ халатын алмастырып костюм-шалбарға, бір топ дәрігер бүгін жиналды Ақордаға.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түптеп келгенде медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтардың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сала мамандарын құттықтап, Президент алғысын айтып, жиналғандарды медальдармен марапаттады.

ЗИЯТ ӘБДЕЛ, «МАСҒҰТ АЙҚЫМБАЕВ АТЫНДАҒЫ АСА ҚАУІПТІ ИНФЕКЦИЯЛАР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ» ЖШС ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бүгінгі мереке өте керемет марапаттаудан басталып отыр. Мен үшін ол үлкен мәртебе. Бұл тек қана өзімнің жеке марапатым деп айта алмаймын, себебі бұл менімен бірге істейтін әріптестердің жетістігі, жемісі деп есептеймін.

Әрине, қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр дәрігердің еңбегі ерен. Сол үшін адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек, деді Президент. Әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін соңғы 3 жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі 7 есе ұлғайды. Тек биылдың өзінде бюджеттен 33 млрд теңге бөлініпті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сондай-ақ шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге ерекше жағдай көрсетілуде. Оларға бір реттік көтерме төлемдер берілуде. Былтыр 530 маманға жалпы сомасы 4,5 млрд қаржы бөлінді.

Президент айтқан басқа сандар да қуантады. Еліміз бойынша азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындап, соңғы 3 жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарған.

ЖАПЫРАҚ ЕПЕНОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ АНА МЕН БАЛА ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Әр түрлі қондырғылар әкелуге болады, қайтадан жасақтауға болады перинаталдық орталықтарды. Бірақ бұл жерде ең бастысы адами фактор. Дәрігерлердің оқу дәрежесін көтеруі, жан-жақты тәжірибе алмасуы өте жоғары қарқынды дамып келеді.

Дегенмен, осы салада шешілмей жатқан түйткілдер де аз емес. Соның бірі – өңірлерде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі қызмет көрсетіп тұр. Сол үшін Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізу қажет, деді Президент. Десе де, бұл жұмыстың басы ғана. Негізгі мәселе — білікті маман тапшылығын жою. Мемлекет басшысы осы бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.

← Все новости