Перейти к содержимому
· 4 просмотра

Мың алғыс әке баққаның үшін…

Бұрын әкең келе жатыр десе, тентектеріміз тезге салынып, мамаға айтпашы деп жалынып жүретінбіз. Себебі тіл алмағанды тәртіпке салатын, жұмысқа барып ақша табатын, көп сөйлемейтін, сезімін білдірмейтін қатал ер адамның образы елестейтін. Ал қазір ше? Қазіргі әкелер басқа. Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде тойланатын Әкелер күні туралы сюжет көрейік.

Айзере, Димаш пен Айсаулық үшін бұл әлемдегі ең дәмді таңғы ас. Әкелері әр күн сайын түрлі тағам әзірлеп береді. Ұл-қызының жанашыры да, сырласы да, анасы да өзі. Келіншегі кенжесін босанып, осыдан 6 жыл бұрын көз жұмған. Содан бері балаларын бір өзі тәрбиелеп келеді.

ДАНИЯР БЕКТАНОВ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕ:

Айсаулық бір жасқа дейін, 7 айында туғаннан кейін, көзі мен құлағының рефлекстері ашылған жоқ болатын. Сол кезде айтты: кеудеңізге жатқызасыз, түнде сүт беріп болған соң кеудеңізге ұйықтатасыз. Осы сіздің кеудеңіз арқылы оның рефлекстері ашылады. Сөйлеуі, көз көруі.

Сөйтіп, алты ай бойы кеудесіне жатқызып, мәпелеп өсірген кішкентайы қазір алтыда. Әлемдегі ең мықты адам әкем деп мақтанып айтады.

Кейіпкеріміз секілді, елімізде бар махаббатын ұл-қызынан аямайтын әкелер көбейіп келеді. Тіпті өздерінің арнайы одағы да бар. Тек бас қала бойынша мың ер азамат осы бірлестікке мүше. Бұл әкелер мектеп пен балабақша өміріне ат салысып, бар бос уақытын баласымен сапалы өткізуге тырысады.

БЕКДАЙЫР КҮЗЕМБАЙ, ӘКЕЛЕР ОДАҒЫ РҚБ АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әкенің орны тек қана жұмысбасты болып, балаға «мен сені асырап жатырмын» деген көзқараспен қарамай, қазір дамыған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, әкелердің жауапкершілігі өте маңызды.

Иә, бұрын әке десе, бала тіл алмаса тәртіпке салатын, жұмысқа барып ақша табатын қатал ер адамның бейнесі елестесе, бүгінде бұл образ өзгерген. Сәйкесінше, әкесінің махаббатына шомылып өскен ұл-қыздар да ертең өзіне сенімді, еркін болып өседі, дейді білетіндер.

ЗУХРА АБДРАХМАНОВА, ПСИХОЛОГ:

Әкесі жақсы адам екенін, мейірімді екенін, сезімтал екенін көре отырып, сол жағынан бала да ертең өз-өзіне сенімді, тұрақты, өте алғыр ер азамат немесе азаматша болып өсіп шығады.

Осыдан-ақ әкенің отбасындағы рөлін айшықтай берсеңізші. Асқар тауларымыз аман болсын.

АЙЗЕРЕ ӘУЕЛБЕК, ОҚУШЫ:

Менің әкем әрқашан да бізді қорғап, біздің керектігімізді сұрап жүреді. Мен өз әкемді қатты жақсы көремін.

← Все новости