Жер бетіндегі барлық алманың атасы саналатын Сиверсті көргіңіз келсе, Алматы облысына келіңіз! «Іле Алатауы» мемлекеттік паркінің Түрген филиалында «Сиверс алмасының соқпағы» ашылды.
ЕЛНҰР АХМЕТОВ, «ІЛЕ АЛАТАУЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ» РММ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Ұлттық парк аумағында Сиверс алмасы табиғи жолмен де, қолдан өсіру арқылы да көбейтіліп келеді. Бізде алты тұқымбақ жұмыс істейді. Сол жерлерде жиналған тұқымдар екі жыл бойы күтіп-бапталып, кейін парк аумағына қайта отырғызылады. Биыл ұлттық парк аумағына 46 мың түп Сиверс алмасы егілді.
Бұл жабайы жеміс ағашы табиғаттың өз заңымен дамып, эволюциялық жолмен бүгінге жеткен. Оны XVIII ғасырда Орта Азияға жасаған ғылыми экспедициясы кезінде неміс ботанигі Иоганн Сиверс зерттеп, ғылыми сипаттама берген. Кейін алма ағашы ғалымның құрметіне «Сиверс» деп аталды. Ал Қазақстанның алманың тарихи отаны екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген көрнекті биолог-ғалым Аймақ Жанғалиев. Ол өмірінің 80 жылын алма мен жеміс-жидек дақылдарын зерттеуге арнаған. Алатау бөктерінде өсетін алманың 150-ден астам сортын анықтаған.
ДАНИ СӘРСЕКОВА, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
Сиверс алмасы – жер бетіндегі барлық алмалардың бастауы. Профессор Аймақ Жанғалиевтің бастамасымен бұл бағыттағы ғылыми жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді. Қазіргі таңда бізде Сиверс алмасының 48 клоны сақталған. Бұл – еліміздің табиғи әрі генетикалық байлығы. Сондықтан оны келер ұрпақ үшін сақтап қалу аса маңызды.
Ұлан Тәліпбай