Шымкентте бір емес, бес полицей бір үйге жиналды. Олар тәртіп бұзған күдіктіні құрықтау үшін емес, тәртіп сақшыларының мерекесін ұлықтау үшін бас қосты. Өйткені погон таққандардың барлығы бір әулеттің адамдары. Тек заң тілінде сөйлесетін Сапар Сүлейменовтың шаңырағына тілшіміз барып қайтты.
Қажырын қарттығына жеңдірмей жүрген Сапар Сүлейменовтың сырт келбетіне қарап алпысты алқымдаған деп айта алмайсың. Гір тасын ұршықша иірген азамат шпагатқа да еркін отырады. Бұл – оның күнделікті жаттығуы. Ол дәл осы жаттығудың арқасында өмірлік жолын тапқан.
САПАР СҮЛЕЙМЕНОВ, ПОЛИЦИЯ АРДАГЕРІ:
Мен өзім спорт шеберімін, грек-рим күресінен. Спортпен айналыстым. Тренер болдым. Кеңес одағы тарап кетті. Содан кейін жұмыс тапшы болды. Кейін Атырау қаласы, Гурьев деген жерде газетке «спортсмен балаларды алып жатыр» дегеннен кейін барып кіріп, содан кейін жұмысты жалғастырып кеттім.
23 маусым – бұл үйде үлкен мереке. Әкеден тараған бесеудің төртеуі құқық қорғау органында қызмет қылды. Алма алма ағашынан алыс түспейді деген рас екен. Олар қанмен тараған бұлқынған намыс пен жұлқынған жігерді елдің тыныштығы үшін сарп еткен мамандар.
АЗАМАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, БАЛАСЫ:
Кішкентайымыздан осы әкеміздің полицияда істегенін көріп өстік. Соған қызығып, сол себепті таңдадым деп ойлаймын. Өзіме қатты қызық болды осы салада жұмыс істеу. Әртүрлі қызметкерлермен кезігесің. Енді әрқайсысын айта берсең, біздің жұмыс негізі қиын.
Иә, мамандық қиын болса да, мадақты көп естімейді тәртіп сақшылары. Саланың сын садағынан сау кеткен кезі жоқ. Кейде жалқының жаңсақ ісі жалпы жүйеге күйе жағып жатады. Дегенмен, біз полицейдің жұмысы қаншалықты азапты әрі жауапты екенін түсінуіміз керек.
САПАР СҮЛЕЙМЕНОВ, ПОЛИЦИЯ АРДАГЕРІ:
Жауапты мамандық қой. Өте қиын. Бір жағынан қызық. Жоқты іздейсің ғой. Біздер қылмысты іздестіру бөлімінде істедік. Жоқты іздеу керек, жоқты табу керек. Ол ұстатпаймын деп қашады.
Жұрттың жоғын түгендеп, жастығын жоғалтса да, қарттығында өткенге өкпе айтпайтын Сапар секілді жандар көпке үлгі. Ал бұқараның амандығы үшін басын бәйгеге тіккен әр тәртіп сақшысы – бейбіт күннің батырлары.