Отандық медиа саласының майталмандары құрметке бөленді. Ақорда төрінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыстады. Сондай-ақ жылдағы дәстүр бойынша қалам мен микрофон ұстаған қауымға пәтер кілті берілетінін мәлімдеді. Бұл жолы баспаналы болу бақыты қанша журналистке бұйырады?
Бұқаралық ақпарат құралдары ұлттың үні, қоғамның айнасы. Осылай деуге толық негіз бар. Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем еліміздегі ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін отандық медианың күшімен танып, біліп отыр. Журналистер қауымын құттықтаған Президент олардың жаңа Ата заңды қабылдауға қосқан үлесін жоғары бағалады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті.
Қазір ақпарат нарығы өзгерді. Жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілердің ықпалы артып, алып күшке айналғанын көз көрді. Сонда да дәстүрлі медианың дәурені өткен жоқ. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, заман талабына сай дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі БАҚ қым-қиғаш оқиғалар нөпірінде ақпарат айдынындағы идеологиялық бағдар рөлін лайықты атқарып жатқанын атап өтті. Дегенмен заманауи медиа кеңістікте тағы бір сын-қатер бар.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады.
Осы орайда бүгінгі журналистер сенімді ақпарат ұсынып, ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы тиіс, деді Президент. Ал шынайы әрі мазмұнды мәлімет таратып, адал қызмет қылғандарды мемлекет қолдауға дайын. Жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау игі дәстүрге айналған. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болыпты. Енді бұл бастаманың ауқымы кеңейе түспек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі. Бәріңізге құтты болсын деймін!
Салтанатты жиынға әр өңірден сала ардагерлері, сақа мамандар келген. Олар қазақ журналистикасы мен телевизиясының дамуына сүбелі үлес қосқан нағыз майталмандар. Кәсіби мерекеде барлығы құрметке бөленіп, Президенттің қолынан мемлекеттік марапат алды. Солардың бірі – республикалық «Абай» журналының басшысы.
РАЙХАН ШАРАПИЕВА, «АБАЙ» ЖУРНАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Осы журнал 1918 жылы шыққан. Одан кейін бір себептермен жабылып, 74 жыл салып, араға 1992 жылы қайтадан осыны жаңғыртты. Қазіргі уақытта 34 жыл болды шығып келе жатқанына. Бұл марапат мен үшін құрмет. Жалғыз маған емес, ұжымға. Мемлекет басшысына үлкен рақмет. Осындай мәртебеге.
Марапат алғандардың бірі – маңғыстаулық Айсағали Қыдыр. Сала ардагері 40 жыл өңірлік газетте тер төккен.
АЙСАҒАЛИ ҚЫДЫР, САЛА АРДАГЕРІ:
«Маңғыстау» газеті осы күнге шейін бар. Бүкіл маңғыстаулықтардың сүйіп оқитын газеті. Кезінде өзім сол газетте тілші болдым. Қазір бүкіл Маңғыстау үшін оның орны ерекше. Бұрын журналистер ауыл аралап жүреді. Ауылдың, еңбекшілердің тынысын жақсы біледі. Сонысымен құнды болды бұл газет. Ал соны осы күнге дейін жалғастырып келе жатқан «Маңғыстау» газетінің тілшілері.
Осылайша ерен еңбек лайықты бағасын алған жиында журналистер қауымының мәртебесі тағы бір асқақтады. Ал мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау отандық медиа өкілдерін жаңа белестерге қанаттандырары сөзсіз.