Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Журналистер баспана кілтіне ие болды

Елордада ақпарат саласының үздіктеріне пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Мемлекет басшысының атынан әріптестерімізді Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров құттықтады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қолдау көрсетуді әрдайым назарда ұстайтынын атап өтті. Сонымен қатар, биылдан бастап аймақтардағы журналистерді де баспанамен қамту жұмыстары жанданатынын жеткізді. Кәсіби мереке қарсаңындағы бұл қуаныш біздің ұжымды да айналып өтпеді. Алматы қаласындағы филиалдың операторы Максим Шулепов пен осы арнада 15 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Жаңалықтар бөлімінің шеф-редакторы Ернұр Ақанбай да бүгін жаңа пәтерінің кілтін алды.

ЕРНҰР АҚАНБАЙ, «ЕУРАЗИЯ» БІРІНШІ АРНАСЫ ЖАҢАЛЫҚТАР БӨЛІМІНІҢ ШЕФ-РЕДАКТОРЫ:

Иә, расымен де бүгін ақтүйенің қарны жарылған күн болып жатыр. Президенттің тікелей тапсырмасымен, «Дара» қорының ұйытқы болуымен қаншама әріптесіміз баспаналы болып жатыр. Қайырлы, құтты болсын деймін. «Еуразия» бірінші арнасындағы азды-көпті еңбегімді бағалап, осындай марапатқа ұсынған басшылыққа алғысымды айтамын. Ақпарат майданында қаламын қару еткен барша әріптестерімізге осындай қуаныш жұғысты болсын.

← Все новости