Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Алаяқтарға сеніп, үйінен айырылды

Ақтөбелік зейнеткердің немересі бізге айтып берген оқиғасы жаға ұстатады. Жас жігіт әжесінің басынан өткергені өзгелерге сабақ болса екен дейді. Азаматтың әжесі — зейнеткер. Ол кісінің алаяқтардың құрығына түсіп, қарызға батып, баспанасынан айырылып қалғанын жақындары кеш білген. Болары болып, бояуы сіңгенде ғана зейнеткер алданғанын аңғарыпты. Ал шытырман оқиғаның бәрі қарт кісіге бейтаныс нөмірден соғылған қоңыраудан басталған.

АЗАМАТ ӘБДІРАХИМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Оған «Энергосистемадан» қоңырау шалды. «Ток ауыстырамыз, есептегішіңізді ауыстырып береміз» деп. «Пин-код айтыңыз, 1414-тен код келеді» дейді, соны айтып қояды. Сосын «Е-gov қауіпсіздік қызметі» деді, бір кісі қоңырау шалып, «қазір сіздің атыңызға кредит алайын деп жатыр, пин-код айтып қойыпсыз, соны жою үшін сіз алаяқтардан бұрын кредит алып тастаңыз» деп айтқан. Әжем соны алады да, үйіне келіп, қолында 500 мың теңгесі бар, сосын ол ақшаны ана кісі терминал арқылы бізге сал деп айтады.

Зейнеткерді алдап-арбау мұнымен бітпейді. Әбден сеніміне кіріп алған алаяқтар баспанасына көз салады. «Шетелде сіздің балаңызбын» деген желеумен атыңыздағы пәтерге иелік етпекші деп елеңдетіп қояды. Оған жол бермес үшін пәтеріңізді сатып жіберуге көмектесеміз дейді. Жеті жарым миллион теңгеге сатып жібереді. Алаяқтардың әрекеті мұнымен бітпеген. Тағы бір несие алдырып, арасында зейнеткерге чемоданмен курьер арқылы ақша жіберіп, оны валютаға ауыстырып, айтқан шоттарға жолдатып отырған.

АЗАМАТ ӘБДІРАХИМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Оған дейін курьер келеді әжемізге 6 млн теңгесі бар. Сол соманы әжем долларға аударып, кейін Грузия еліндегі кибераккаунттарға ыдыратып лақтырады.

ЖӘНІБЕК ШАГИРОВ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Қазіргі таңда сұраныстар жіберіп, жедел іздестіру шараларын өткізіп жатыр. Шетел, сосын банктер бойынша сұраныстар жолданып жатыр. Күн сайын Ақтөбе облысы бойынша 3-4 адам алданып, арыз жазады.

Мамандар қанша ескерткенімен, телефон алаяқтары айласын асыруын қояр емес. Банк қызметкерлері мен полицейлер ешқашан СМС-код немесе жеке деректерді телефонмен сұрамайтынын есте ұстаңыз. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Ал телефоныңыздың «бұзылғанын» қалай білуге болады?

АҚЕРКЕ МЫРЗАХАН, IT-МАМАН:

Егер заряды тез аяқтала бастайтын болса немесе сіздің телефоныңызға жүктемеген қосымша пайда болатын болса. Үшіншіден, Google, банк, әлеуметтік желідегі аккаунттар шығып кетіп, қайта кіруіңізді сұраса, төртіншіден, сіздің таныстарыңыз сіздің атыңыздан бөгде адамның хабарласқанын, ақша сұрағанын сізге жеткізетін болса — бұлардың барлығы сіздің құрылғыңызды бұзды деген мағынаны білдіреді.

Тек Ақтөбе облысының өзінде жыл басынан бері интернет алаяқтыққа қатысты 500-ге тарта дерек тіркелген. Киберполиция бөліміндегілер қылмыстың 30 пайызын ізін суытпай ашқан.

← Все новости