Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Сел қаупінің алдын алу шаралары жүргізілуде

Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы облысында сел қаупі бар көлдерді тәулік бойы бақылауға алды. Қазіргі таңда мамандар Қарасай ауданындағы Ақсай өзенінің ағысын негізгі арнаға бұру жұмыстарын жүргізуде. Қауіпсіздік мақсатында тоғыз үйдің тұрғыны, барлығы 11 адам, оның ішінде бір бала эвакуацияланған. Зардап шеккендер жоқ. Еңбекшіқазақ ауданында жағалауды бекіту, жолды тазарту және көлік қатынасын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін бұл аумақтан 42 адам, оның ішінде бес бала мен сегіз шетелдік турист қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Алматыда толассыз жауған жауын-шашынға байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Мамандар Үлкен Алматы, Кіші Алматы және Қарғалы өзендеріндегі бақылау бекеттеріндегі ахуал туралы сағат сайын ақпарат таратып отыр. Сонымен қатар, судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін Ақсай өзенінің арнасы тазартылды.

Ұлан Тәліпбай

← Все новости