Перейти к содержимому
· 12 просмотров

Грантқа түсу үшін нені білу керек?

Елімізде грант конкурсына өтініш қабылдау басталды. Биылғы байқаудың бір жақсысы, талапкерлер баяғыдай әр оқу ордасының табалдырығын тоздырмай, үйде отырып-ақ құжатын қалаған университетке өткізе береді. Ол үшін eGov порталына кірсе болды. Ал қай мамандыққа қанша балл керек?

Тал-теректің түбін паналап, университет маңын жағалап жүрген жандардың тілегі бір — мемлекеттік гранттың иесі атану. Ұл-қызын жетектеген ата-ана баласы үшін ұзын-сонар кезекті тосып әлек. Таңнан бері бас қаладағы басты қос университет 1500-ге жуық талапкерді қабылдап үлгерген.

ГҮЛМИРА АДАНБЕК, ҚАРАҒАЙЛЫ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

120 балл жинады Ұлттық бірыңғай тестілеуден. Енді өзінің арманы, алға қойған мақсаты — осы бүгінгі күні Еуразия ұлттық университетіне грантқа өтініш тапсыруға келдік. Жалпы ақпараттық технологиялардың шекті балы — 110 балл екен. Өтеміз деп дәмеленіп отырмыз енді.

Биыл еліміз бойынша 75 мыңнан аса грант бөлініпті. ҰБТ-дан ұялмайтын балл алғандар сертификатын құшақтап, 3 те 4 фотосын салып, аттестатын алып университетке келуі керек. Алайда биыл онлайн құжат тапсыруға да мүмкіндік бар. Тестілеу базасы мен eGov қосымшасынан көңіліңіз қалаған білім беру бағдарламасын таңдай аласыз.

ЛӘЗЗАТ ЕГЕУБАЕВА, Л. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ҚАБЫЛДАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ:

Таңертеңнен бері осы білім беру бағдарламасының қыр-сырын біздің техникалық хатшылар толыққанды жеткізуге тырысып жатыр. Ата-аналарға да үлкен жағдай жасалды. Мына күту залдары, балалардың кезекте тұруы, яғни кезекте тұруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Сонымен қатар қазір Қазақстан бойынша 3 форматта құжат қабылдау басталып кетті.

11 жыл сағаттап сабақта не тындырғандарын сынға салатын ҰБТ-ны аяқтап, жоғары оқу орнына қадам басқандардың басты мақсаты — грантқа түсу. Алайда барлығы бірдей жүрегі қалаған саланы таңдайды дегенге сенім жоқ.

ДАНИЯР САДУАҚАСҰЛЫ, ТАЛАПКЕР:

Әкем көрсетті осындай мамандықтар бар деп. Сол мамандықтардың арасынан физ-мат бойынша қарағаным бойынша сол мамандық ұнап, соған бардым.

ӘДЕМІ-АЙ ҚАЗИЕВА, ТАЛАПКЕР:

Үш универді салыстырдым. Алматы ҚазГАСА, Сәкен Сейфуллин және ЕҰУ. Бірақ арасынан өзіме жақыны Сәкен Сейфуллин болды.

КӘУСАР АСАН, ТАЛАПКЕР:

Таңдап жатқан мамандығым — журналистика. Журналистика менің саналы таңдауларымның бірі. Себебі журналистика — ол жай ғана мамандық ретінде емес, қоғамға пайдалы болу.

Конкурсқа өтініш қабылдау 20 шілдеге дейін жалғаспақ. Тағы бір айта кетерлігі, биыл кей мамандықтарға шекті балл 50-ге дейін төмендеген. Ал еліміздің маңдайалды университеттерінде оқу үшін кемі 90 балл еншіңізде болуы шарт.

ЖАНАР ҚУАНЫШБАЕВА, АТА-АНА:

Екі апта бойы күтеміз. Грант иегері атанамыз деген үміт бар. Құжат тапсырарда мамандық таңдау қиын болды. Бар болғаны 4 мамандық таңдау керек. Қателесіп кетпес үшін қайсысын таңдау керегін анықтау қиын.

Биыл мектеп бітірген 233 мың талапкердің 177 мыңы шекті балдан асырыпты. Алайда тегін оқып, табақтай дипломмен тентіреп кетпес үшін таңдаудан қателеспеу әсте маңызды. Ал грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

← Все новости