Перейти к содержимому
· 4 просмотра

Кәріз құдығында көз жұмғандардың несиесі өтеледі

Кәріздің кем-кетігін жөндейміз деп ажал құшқан алты азаматтың несиесі кешірілетін болды. Қара жамылған Жоламан ауылына Павлодар облысының әкімі барып қайтты. Өңір басшысы марқұмдардың жақындарына бар көмек көрсетіледі деп отыр. Алайда туыстары алты адамның өлімі салғырттықтың кесірінен болды деп ашынып отыр.

Кеше Жоламан ауылы үшін қаралы күн болды. Үйінен аман-есен кеткен апталдай алты азамат сүт зауытының кәрізін жөндейміз деп ажал құшты. Марқұмдардың жақындары еңбек қауіпсіздігі сақталса, мұндай орны толмас қаза болмас па еді деп налиды.

ЖАҚСЫЛЫҚ СЕЙІЛ, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Қоралы жан қырылып қалды. Кім жауап береді? Судың да сұрауы бар дейді. Жұмыс басында сақтық шаралары болды ма? Ол жерде техника тұруы керек. Техника болса, адамдар тірі қалушы ма еді? Құтқарар ма еді? Жұмыскерлер қандай жағдайда болды, оны бізге көрсеткен жоқ, мысалы.

Өкініштісі, қайтыс болғандардың төртеуі бір әулеттен екен. Әкесі мен екі ұлы тіл тартпай кеткен. Тағы біреуі сол отбасына жиен.

АСЫЛЖАН РАХАТ, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Қайтыс болған кісілердің үшеуі нағашымыз болып келеді. Екі баласымен қайтыс болды. Біреуі менің туған інім болады. 1998 жылғы, артында екі баласы қалды. Әйелі қалды. Әке-шешесі бар. Анық-қанығы анықталады ғой енді. Анықтауға тырысамыз. Баратын жерлерге барып, анық-қанығына жетеміз ғой. Адам өлімі деген оңай емес. Бір адам емес, төрт адам бір әулеттен. Ол оңай дүние емес әркімге.

Қара жамылған ауылға облыс әкімі де барыпты. Алдымен жұмысшылар қаза тапқан сүт зауытындағы жағдаймен танысып, кейін жақынын жоғалтып, қайғыдан қан жұтып отырған отбасылармен кездесіп, тиісті көмек көрсетілетінін жеткізген.

ЖАНСЕРІК ҚАПЗОЛЛА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ӘКІМІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қаза болған жандардың отбасыларына мемлекет тарапынан да және жұмыс беруші тарапынан да кешенді қолдау көрсетіледі. Оларға арнайы материалдық көмек беріледі, жыл соңына дейінгі жалақысы төленеді және несиелерін өтеуге жәрдем көрсетіледі. Сондай-ақ компания кәмелетке толмаған балаларының 18 жасқа дейінгі күтімі мен білім алуына байланысты барлық шығынды өз мойнына алады. Асайын Байханов Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментіне, Полиция департаментіне және прокуратураға аталған оқиғаны тергеуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Қаза болған азаматтардан бөлек, кәріздің электр сорғысын жөндеуге барған тағы бір адам болған. Қазір ол ауруханада жатыр.

ТОРҒЫН БАЗАРГЕЛДИНА, АҚТОҒАЙ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Науқас бізге жедел жәрдеммен жеткізілді. 1988 жылы туған азаматқа газға уланған деген диагноз қойылды. Ауруханаға түскен кезде жағдайы орташа ауыр болды. Барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір жағдайы тұрақты.

Қазір аталған жайт бойынша тексеріс басталды. Қайғылы оқиғаның нақты себебі әзірге беймәлім. Бірақ жұмысшылар газға уланды деген болжам бар.

← Все новости