Шетелде шала туған шақалақ қарақұлақтанып, бүгін аман-есен үйіне шықты. Санитарлық авиациямен Таиландтан Алматыға жеткізілген кішкентай Асланның өмірі үшін отандық дәрігерлер екі ай бойы күресіп, адам қатарына қосты. Сәбидің анасы бөгде елде демалып жүріп, мерзімінен бұрын босанып қалған еді. Айы-күні жетпеген нәресте сол жақта ауыр сепсисті бастан өткеріп, жасанды дем алу аппаратына қосылған-тұғын. Анасы көмек сұрағаннан кейін, мемлекет қол ұшын созып, санавиациямен 14 сағат ұшып, елге жеткізген болатын.
НАЗИРА ӘЛИЕВА, АНАСЫ:
Бұл өте ауыр сапар болды. Мен үшін де, дәрігерлер де күйзелісті бастан өткерді. Жауапты сәтте барын салған ақ халаттыларға осы күнге дейін алғыс айтамын. Баламның дүниеге келген кезіндегі жағдайы, ауруханаға түскен сәті мен қазіргі кейпін салыстырамын кейде. Қарап отырсаң, бұл оқиғаның оның басынан өткеніне сенудің өзі қиын. Әсіресе жансақтау бөліміне өте ризамын. Олар әрдайым жанымыздан табылды. Медеу болып, жұбатып, қамқорлық танытты.
Алматыдағы орталыққа түскенде сәбидің тыныс алуы мен жүрек-қан тамырлары, ас қорыту жүйесінде жетіспеушілік анықталыпты. Ас қорытуы бұзылған екен. Реанимациядағы бесінші күні ішегінде ақау бары белгілі болып, хирургтер шұғыл ота жасады.
ҚАНАТ ӘШІРБАЙ, НЕОНАТАЛДЫ ХИРУРГ:
Ота екі жарым сағатқа созылды. Бәрі сәтті өтті. Өздеріңіз көргендей, қазіргі таңда бала анасының қасында. Ешқандай асқыну болған жоқ. Бала шамамен 7-8 ай бойы ішек стомасымен жүреді. Одан кейін бізге қайта келеді. Ішек стомасын жабу бойынша радикал операция жасалады. Осыдан соң бала әдеттегідей қалыпты өмір сүреді.
Ғылыми орталықта екі ай бойы ем алған кішкентай Аслан қазір ширап, салмағы 2,5 келіге жетті. Алда әлі оңалту кезеңі бар. Бірақ ең ауыр сынақ артта қалды, дейді дәрігерлер.