Дүйсенбі күні – аппақ седан тізгіндесе, сейсенбіде – қара кроссовер. Қалған 337 көлікті қайда қоямыз? Қазақстанда бір басында 339 автокөлігі бар адам тұрады. Ұлттық статистика бюросы осындай ақпарат ұсынды. Ресми мәліметке жүгінсек, қазір ел аумағында 5 053 664 жеңіл транспорт жүйткіп жүр. Бір қызығы, олар 4 млн 100 мыңнан аса адамның атына жазылыпты.
Сөйтсек, гәп мынада екен. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2 971 471 қазақстандықтың бір ғана көлігі бар. Ал 780 мың азамат қос-қостан темір тұлпар теуіп жүр. 225 546 адамның гаражында үш машинадан тұр екен. Сондай-ақ 115 179 жеке тұлғада төрт немесе бес көлік тіркелген. 2 321 адамда жиырмадан елуге дейін көлігі бар. Ал 47 қазақстандықтың жүзден аса темір тұлпары болса, бір адам 339 көлік құралының егесі екені белгілі болды.