Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Времянкадағы білім

Мектеп пе, мұражай ма? Жамбыл облысында қала балалары 75 жыл бұрын салынған времянкада білім алып жүр. Қуықтай ғимарат оқушыларға тарлық еткен соң, мұғалімдер мен ата-аналар қалтасынан қаржы шығарып, тағы бір бөлме тұрғызған. Бірақ оған да сыймай, бүгінде өрендер екі ауысымда оқуға мәжбүр.

Көненің көзі, бүгіннің мұңы. Бұл теңеу Шу қаласындағы «Алға» бастауыш мектебінің қазіргі жағдайын дәл сипаттайтындай. Себебі өткен дәуірде салынған ғимараттың қабырғасы сыр беріп, шатырынан су тамшылай бастаған. Ал жауыннан қалған іздерді мұғалімдер тағы да әкпен жаппақ.

МӨЛДІР ТӨЛЕУЛИЕВА, ШУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ешқандай балалардың жағдайы жасалмаған бұл мектепте. Амалдың жоғынан білім алу үшін екі баланы осы жерге беріп отырмыз. Өйткені бес баланы ары-бері тасу бізге де оңай емес.

Әлеуметтің айтуынша, аталған ғимарат 1950 жылы бой көтерген. Арада 40 жыл өткен соң білім ошағына айналған. Алғашқы 26 жылда ауыл балалары бір ғана бөлмеде оқыған. 2016 жылы жаңа мектеп салынбағанымен, ауыл халқы мен мұғалімдер қаржы жинап, тағы кабинет қосыпты. Оған да оқушылар сыймай, екі ауысымда оқып жатыр.

ГҮЛСІНАЙ НАУРЫЗБАЕВ, ШУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мектепте бізде асхана кішкентай. Балаларға тамақ ішіп отыру ыңғайсыз, біріншіден. Екіншіден, мектепте медициналық пункт жоқ. Медбике де жоқ. Штат алып тастады. Балабақша жоқ. Қарапайым балалар ана қант зауыты алқабына апарамыз. Не автобус жүрмейді бізде.

Білім мекемесінің алдында жиылған жұрт дене шынықтыру сабағы деген аты болмаса, ұл-қыздарымыздың доп ұстап жүгіргенін көрген емеспіз дейді. Сондықтан соңғы кездері спорттық киімді мүлде сатып алмайтын болыпты.

МӨЛДІР ТӨЛЕУЛИЕВА, ШУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл мектепке көңілім толмайды. Балалар ДШ деген сабаққа спорттық киім, спорттық аяқ киім алмаймыз. Себебі ол сабақ қамтылмайды. Біз мына жақтан доп ұстауды білмей үлкен мектепке барамыз. Ал ол жақтың балалары айтарлықтай жетіліп кеткен.

Тап-тар ғимаратта төртінші сыныпқа дейінгі қырыққа жуық бала оқиды. Ал 50-ден аса оқушы күн сайын 4 шақырым жердегі мектепке қатынауға мәжбүр. Қоныс аударған отбасылар да, бала өсімі де көп деген мектеп басшылығы жаңа білім ошағы салынса, бұл мәселе түпкілікті шешілер еді дейді.

ЖАДЫРА БАЙДІЛДАЕВА, «АЛҒА» БАСТАУЫШ МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бізге керек нәрсе спорт зал. Үлкен мектеп болса. Өйткені аллаға шүкір, бізде оқып жатқан балалар өте жақсы, білімді. Кең мектептің ішінде оқыған қандай жақсы. Қазір заманауи талапқа сай жасалып, салынып жатыр, көріп отырмыз.

Салалық басқарма көпшілік көп күткен мектепті ақыры жоспарға енгізіпті. Мамандардың айтуынша, 100 орындық орта білім беру мекемесінің жері дайын. Ал сметасына қаржы қолбайлау болып отыр екен.

ДИНАРА ЖАНАБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ЖАБДЫҚТАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сметаға биыл ақша бөлеміз деп жоспарға енген. Алайда қаражатқа байланысты, бюджеттің мүмкіншілігіне қарай, қаражат бөлінбей қалды. Біз ЖБС жасауға қажетті құжаттарды дайындадық.

Шамамен жобаның құрылысына 1 млрд-тан аса ақша кетеді. Егер қомақты қаржы қолдау тауып бөлінсе, мектеп құрылысы 3 жылдан кейін басталады. Бөлінбесе, өрендер бұрынғыша тар ғимаратта білім ала береді.

← Все новости