Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 7 просмотров

Астана әп-сәтте көлге айналды

Астана бірнеше күнгі ыстықтың есесін бір-ақ күнде қайтарды. Жарты сағатқа жетер-жетпес жауған жаңбыр көшелерді суға толтырып, қаланың құбылмалы күн райына дайындығы қандай екенін тағы бір көрсетті. Жауынға желі жағаласып, әсіресе жолдағылар әбден әуре болып жатыр.

Аптап ыстығымен таңғалдырған Астана бүгін әп-сәтте көлге айналды. Толассыз жауған жауыннан көшелер суға толып, көліктер жүруден қалды. Тіпті машиналар мен автобустардың жүрісі баяулап, жүзіп жүргендей болды. Транспорттың іші былай тұрсын, тұрғын үйлердің подъездері шылқып жатыр. Әсіресе Мәңгілік Ел, Тәуелсіздік пен Бауыржан Момышұлы көшелері теңізге айналып, толқыннан толқын туып жатқандай көрінді. Төпелеген жауынға тұрақта тұрған көліктер де шыдас берер емес. Нөсерге ұйытқи соққан жел қосылып, құрылыс маңындағы қоршаулар ұшып, астаң-кестеңі шыққан. Куәгерлердің видеосынан кейбір көліктерге зақым келгенін көруге болады. Ал кейбір жүргізушілер мемлекеттік нөмірін жоғалтып, әлек болып жүр.

ӨМІРБЕК АМАНЖОЛОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Нөмір жоғалттым. 264 деген нөмір жоғалттым. Постоянно осындай потоп болады. Үнемі жоғалтамыз. Байлап қойсақ та түсіп қалады.

Әрине, дәл осындай апокалипсисте бірінші атқа қонатын тәртіп сақшылары. Нөсерге қарамастан қызметін атқарып жүр. Көлге айналған көшеден ары-бері өте алмағандарға көмектескендер де табылды.

ҚАЙРАТ ЖАҚАТАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жолдасым келеді, бірге жұмыс жасайтын. Машина батып жатыр дейді. Мән бердім сразу. Айналып барсақ, машина батқан. И көтеріліп қалған. Су осы жерге дейін. Люгі ашық. Мейірім әлемді құтқарады дейді ғой. Әр адам әр адамға көмекті беру керек. Сразу бардық.

Ал Қазгидромет қалаға қанша жауын-шашын түскенін әзірге нақты айтпады. Алайда бүгінгі ауа райы уақытша құбылыс. Алдағы күндері күн көзі қайта шуақ шашады.

НҰРДАНА ТІЛЕУҚҰЛ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:

Солтүстік-батыс циклоны еліміздің басым бөлігінде найзағай, жекелеген аудандарда қатты жаңбыр жаууына және бұршақтың түсуіне себеп болады. Суық ауа массаларымен, жауын-шашынмен қатар ауа температурасының төмендеуіне де ықпал етеді. Сонымен қатар, еліміздің батыс өңірлерінде Иран аумағынан жылы әрі құрғақ ауа келе бастайды. Оның әсерінен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы жоғарылайды.

Нөсер қаланың коммуналдық қызметін де аяқтан тік тұрғызды. Қарқынды жұмысқа кірісіп кеткен. Жауын көп жауғандықтан кейбір құбырлар толып, суды ағызу жұмыстары бәсеңдеген. Соған қарамастан шаһарда суды сору жұмыстары жалғаса бермек.

← Все новости