Астана жауыннан жүзіп жатқанда, таудан аққан сел Шымкент іргесіндегі тұрғындардың зәресін ұшырды. Түн ішінде келген қызыл су Елтай ауылындағы бірнеше үйдің ауласын алып кеткен. Жаңбыр жауса жанын шүберекке түйіп отыратын жұртшылық апаттың алдын алмасақ, құримыз деп араша сұрап отыр.
Түн ортасында таудан аққан сел Елтай ауылындағы тұрғындарды әбден әбігерге салды. Шырт ұйқыда жатқан қараша аяқасты не істерін білмей дал болыпты. Екпіні қатты қызыл су Шымкент іргесіндегі елді мекен көшелерін әп-сәтте шайып өткен. Бала-шағасына алаңдаған тұрғындар жаңбыр жауса жанымызды шүберекке түйіп отыратын болдық деп ашынады.
САПАР НҰРЛЫБАЕВ, ЕЛТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жылда қайталатын нәрсе. Өткенде бір ай бұрын тазаладық осы жерді. Мына құмның барлығын шығарып. Жаңбыр жауса қорқатын болдық. Бала-шағамызды қайда апаратынымызды білмей. Ана жақта тұр деп күрегімізді алып, шауып шығамыз. Кішкентай жаңбыр жауса болды, су ағады да тұрады.
ӘЛІБЕК ОРАЗБАЕВ, ЕЛТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сағат 7 жарым уақыттарда бірден жаңбыр жауды, сол себепті қырдан келген су, 9-10 сайдан келген су бірден келді. 2020 жылы осындай болып еді жағдай. Өткенде ағаштарды алып, шарбағымызды барлығын бұзып, дайындады. Бізге кедергі жасайды деп. Кейін істеп береміз деді. Білмеймін енді оны өкімет істеп бере ме, жоқ па.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, төтенше жағдайдың салдарын жоюға 6 арнайы техника мен 50 маман жұмылдырылған. Мамандар көшелер мен аулаларды лай мен тастан тазартып жатыр.
Таудан аққан топан су ауылдағы 7 үйдің ауласын басып қалған. Атқамінерлер жапа шеккен тұрғындарға көмектесеміз деп отыр.
МАРЛАН ЖОЛДАХМЕТ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Алдын ала атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мына нөсер су осы каналдың бойымен аман-есен өтіп шықты. Басып қалған үйлер болған жоқ. Мына Найзатас көшесінің бойында екінші қырдан аққан ағынды судың салдарынан 7 үйдің ауласына су басты. Қазіргі уақытта көшені тазалау жұмыстарын жүргізу барысындамыз. Осы 7 үйдің ауласын тазалау барысында.
Қазір ауылда селден кейінгі тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Әкімдік өкілдері мұндай жағдайдың алдын алу үшін арықтарды бетондау жұмыстары жеделдетілетінін айтты. Ал тұрғындар әр жаңбыр сайын алаңдамай, табиғи апаттан қорғайтын нақты шаралар қабылданса дейді.