Алматы тауларындағы көшкін жүру қаупі бар аймақтар нығайтылды. Қала әкімдігінің мәліметінше, Медеу, Жетісу және Наурызбай аудандарындағы 9 бірдей учаскеде инженерлік жұмыстар аяқталған. Әсіресе туристер көп баратын «Медеу» мен «Шымбұлақтағы» жолдың бойында, сондай-ақ «Кеңсай» және «Кемел» зираттарының маңында ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Бұдан бөлек, тау беткейлері мен жолдарға тиіп тұрған еңістер бекітілген. «Сарысай» бөгетіне апаратын жол мен бірнеше көше және бау-бақша серіктестігіне кіреберістер де назардан тыс қалмаған. Таулы аймақтарға арнайы ескерту белгілері қойылды. Күн райы күрт нашарласа, тұрғындар мен туристерге SMS-хабарламалар жіберіледі. Ал қауіп күшейсе, «Шымбұлақ» пен Үлкен Алматы көліне апаратын жолдар уақытша жабылады. Қазір мегаполисте көшкін жүруі мүмкін тағы жеті аумақ анықталған. Енді мамандар сол жерлердегі қауіпсіздікті күшейтпек.