Елімізде алғаш рет өткізілген әкімшілік рақымшылық аясында 22 миллиард 800 миллион теңгенің айыппұлы кешірілді. Бұл жайлы Бас прокурор Берік Асылов хабарлады. Бір айдан аз уақытта 700 мыңға жуық қазақстандық салық, кеден, санитарлық және өзге де заңнамаларды бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатылған. Ал әкімшілік қамау түріндегі жаза көзделген құқық бұзушылықтар рақымшылыққа ілінбепті. Барлық рәсім автоматты түрде жүргізілген, яғни азаматтардан ешқандай өтініш немесе құжат талап етілмеген. Амнистияға іліккендерге арнайы SMS хабарлама жіберілген. Президенттің тапсырмасымен жүзеге асқан мұндай мемлекеттік қолдауға азаматтар оң бағасын берді дейді Бас прокурор.