Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 10 просмотров

Ақтөбе «жанып» тұр

Ақтөбе бүгін құдды бір Африка сияқты! Сынап бағаны 38 градустан төмен түспегеніне бірнеше күн болды. Аптапта әсіресе, жедел жәрдем бекетіндегілерге дамыл жоқ. Көмек сұраған науқастар саны күрт артқан.

Аспан айналып жерге түскен мынадай аптапта далаға шығуға ешкім құлықсыз. Көшеде тек қауырт шаруасы барлар ғана жүр. Олар да аялдама, көлеңке бар жерден сая іздеп әлек. Басыңа телпек, орамал тартып, көзәйнек кимесең, ми қайнатар ыстық шыдатпайды. Дәрігерлер соңғы үш-төрт тәулікте ыстықтан қан қысымы көтеріліп, жүрегі қысылған науқастар саны күрт өскенін айтады. Бір тәулікте 100 адамға артқан.

БАҚЫТ БИСЕНОВА, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БЕКЕТІ CALL-ОРТАЛЫҚ АҒА ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

26 шілде сол күндері ыстық болып, артериалды қысым көбею себебімен 2681 шақырту болды, гипертензиялық кризбен шақыртулары – 263, күн өткен себепті 15 шақырту болды.

Аптаптан қорғану үшін не істеу керек? Мамандардың айтатын кеңесі – денсаулығыңда кінәрат болса, дәрігер жазып берген препаратты уақтылы ішіп, күтіну керек. Ал кішкентайыңыздың басына күн өтсе, дереу жылымық суға түсіріп алыңыз. Каникул кезінде ойын баласын төрт қабырғаға қамап отыру да – оңай емес. Сондықтан баласын жетектеген ата-ана субұрқақ жағалап жүр. Шілденің шіліңгіріне қатты қуанған да сол балалар секілді.

ГҮЛНАЗ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

СМС келді, 40-қа дейін ыстық болады деген. Осы субұрқаққа келіп, балалар рахаттанып ойнап жүр. Жаз болған соң ыстық күндерді де қалаймыз ғой. Балаларға да ұнайды мұндай күндер.

НАДИРА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Екі күн шыдай алмай осы жаққа келдік. – Ұнап жатыр ма демалыс? – Жақсы, жаңа ғана келіп жатырмыз. Қалғанын көреміз кешке дейін.

Салқындағанның жөні осы екен деп кондиционердің астында да ұзақ отырмаған жөн. Осыны ескергендер Ақтөбе су қоймасының жағасында күнге қыздырынып жатыр. Келушілердің дәл осы жерде демалғанды құптайтын жөні бар. Жағадағы жағдайды құтқарушылар бақылап отырады. Әрі төтенше жағдайлар қызметі қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында рейд жүргізеді. Биыл суға түсу маусымында 31 жағажай жұмыс істеуге рұқсат алған.

ДАСТАН НҰРҒАЛИ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

110 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол дегеніміз шомылуға тыйым салған жерлерде шомылғаны үшін, балаларды қараусыз қалдырғаны үшін және масаң күйде суға түскені үшін.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, апта бойы осындай ауа райы сақталады. Тек бейсенбіде жаңбыр жауып, найзағай болады. Сол кезде ғана сәл-пәл ыстықтың беті қайтуы ықтимал.

← Все новости