Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 5 просмотров

397 млрд теңгелік келісім

Қазақстан мен Ресей компаниялары серіктестікке серпін беріп, байланысын жаңа деңгейге көтермек. Омбы қаласында өткен өңіраралық ынтымақтастық форумында осыған алғышарттар жасалды. 397 млрд теңге болатын келісімшарттарға қол қойылды. Еліміздің аса ірі инвестициялық серіктесі саналатын Ресей соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы құйыпты. Ал біздің үлесіміз 9 миллиардтан асып жығылады. Дәстүрлі басқосу аясында тараптар тағы 177 ірі жобаның тізімін жасақтады. Демек, мұндай алаңдар кәсіпкерлерге тікелей байланыс орнатып, бірлескен бастамаларды іске асыруға жол ашады, – дейді сарапшылар.

АЙНҰР ӘМІРБЕКОВА, «QAZTRADE» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан аумағында ресейлік қатысуы бар 20 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Бұл біздің елдеріміз арасындағы тығыз экономикалық байланыстардың бар екенін және ірі кооперациялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды. Сауда-экономикалық миссия аясында 18-ден астам келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер азық-түлік және өнеркәсіптік өнімдерді жеткізуді, сондай-ақ өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс және мұнай-газ салаларындағы ынтымақтастықты қамтиды.

Екі ел арасындағы әріптестіктің тағы бір негізгі тетігі – көлік-логистика саласы. Мамандардың сөзінше, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан теміржол мен автокөлік арқылы жүк тасымалына қолайлы. Атап айтқанда, былтыр шойын жол арқылы өткен жүк көлемі 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құраса, автомобиль арқылы 8,5 миллион тонна тауар тасымалданыпты. Мамандардың сөзінше, бұл жолғы уағдаластықтар саладағы жүйелі жұмыстарды одан әрі де жандандыра бермек.

← Все новости