Тұрғындар дірдектеп тоңбауы, қазандықтар қалыпты жұмыс істеуі үшін Үкімет қомақты қаржы бөлді.
Бұл жолғы сома былтырғыдан 9 пайызға көп. Жылу электр стансаларын жөндеуге 384 миллиард теңге қарастырылып отыр. Әсіресе, «қызыл аймақтағы», яғни тозығы жеткен нысандарға басымдық берілмек. Оның ішінде Семей, Орал, Ақтау және Тараздағы жылу электр орталықтары және Теміртаудағы бірінші ГРЭС-тің қазандығы бар. Жылыту маусымы басталғанша еліміздегі осындай күрделі нысандардың тозу деңгейін 52 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
ЕРЖАН ЕРТАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ:
Жылыту маусымы басталғанға дейін 17 мың шақырымнан астам электр беру желілерін, 444 қосалқы стансаны және 377 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау көзделуде. Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша электр стансаларындағы негізгі жабдықтың тозу деңгейін 52 пайызға, ал электр желілерінде 65,7 пайызға және жылу желілерінің тозу деңгейін 48 пайызға төмендету көзделуде.
Министрліктің мәліметінше, қазір 12 қазандық күрделі жөндеуден өтті, ал жоспарда әлі 27 жылу орталығы бар. Бұдан бөлек, ұзындығы 6 мың 300 шақырым электр желілері, 135 қосалқы станса және 1 мың 253 жылу тарату пункті қалпына келтіріліпті. Ал жылу магистральдарына келер болсақ, жоспарланған 377 шақырым құбырдың 65 километрі пайдалануға дайын.
Бердібек Қарынбай