Қайтқан қаржыда қайыр бар. Жамбыл облысында заңсыз жолмен иемденген мүліктер мемлекет меншігіне өтіп, қайтарылған қаражатқа әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Мәселен, өткен жылдың соңына дейін Әулиеатада 18 нысан ашылып, халық игілігіне қызмет ете бастады. Шалғайдағы Қордай, Талас аудандарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар бой көтеріп, Меркіде аудандық ауруханалар күрделі жөндеуден өтті. Соның арқасында ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізді. Бұдан бөлек, облыста 15 ауыз су нысаны іске қосылып, 28 мың тұрғын таза тіршілік нәрімен қамтылды.
ӘНУАР ӘБСЕЙІТОВ, ҚОРДАЙ АУДАНДЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі нысанымыз Қарасай ауылдық округіне қарасты Қарасай ауылының ауыз су желілері жұмыстарын бақылауға келдік. Жалпы құрылыс-монтаж жұмыстарын пайызбен алып қарасақ, 80 пайызға бітіп тұр. Құрылыс нысандарының қаржыландыру көзі бізде активтерді қайта қайтару бюджетінің есебінен салынып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңсыз активтерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Арнаулы әлеуметтік қордан медицина саласын дамытуға, ауызсумен қамту жүйесін жетілдіруге 20 млрд теңге бөлінген. Келер жылы аймақта тағы 10 қоғамдық маңызы бар нысан пайдалануға берілмек.
ЖАНДОС ӘБДІБАЕВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ:
Бүгінде прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асқан игі жобалар халықтың үлкен ризашылығына ие болып отыр. Тағы 8 ауыз су жобасы, 2 медициналық жобаның құрылысы жалғасуда облысымызда.