Әкімдік «асфальт саламыз» десе, жамбылдық жұрт қуанбайтын болған. Өйткені орындалмаған уәде көп. Шекара маңындағы ауылдың былтыр басталған жол құрылысы мерзімі өтіп кетсе де әлі аяқталмаған. Тұрғындар ой-шұқырда шаң жұтып, техникасын сақырлатып, қайта-қайта жөндеп шаршаған.
Шекара маңындағы Қаратау ауылының халқы үшін бұл – үйреншікті көрініс. Өйткені екі күннің бірінде темір тұлпарлар талқаны шыққан тасжолдың кесірінен жолда қалады. Бірі су жаңа дөңгелегінен айырылса, енді бірі көлігінің жүріс жүйесін қайта жөндетуге қаржы жұмсайды. Бір жарым жылдан бері кедір-бұдыр жол тұрғындардың жүйкесін жұқартып қана қоймай, көліктерін де әбден тоздырған. Ал енді СТО-ға кеткен қыруар шығынның өтеуін кім береді деп жұрт ашулы.
НҰРҒАЛИ ПАНАТОВ, ҚАРАТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Кетіп бара жатып, көлік тарс ете қалды. «Глушитель кетті ғой» деп астын қарасам, ештеңе көрінбейді. Сөйтсем, мотордың астындағы коллектор түбінен жарылып, екіге бөлініп қалыпты. Соны 60 мың теңгеге істеттім. Осы жолдың кесірінен болды. Глушитель төмен тартады, көлік дірілдейді.
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, жол құрылысын жауаптылар өткен жылы бастаған. Бастапқыда мердігер бес шақырымды ғана төсеп, кейін жұмыстарды тоқтатқан. Одан кейін ауыл жұрты кәсіпкерді тек техникаларын тиеп әкеткен күні ғана көрген. Арада аз уақыт өткен соң қайта келіп, болар-болмас жерге асфальт төсепті. Оның өзіне ауылдықтардың көңілі толмай отыр.
ОҢЛАСЫН ӘУБӘКІРОВ, ҚАРАТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осы жол саласында 20 жылдан аса қызмет жасадым. Жол саласын бүге-шігесіне дейін жақсы білемін. Мынау салған жолдары стандартқа сәйкес келмейді. Оларда техназор да жоқ. Ұлттық сапа орталығынан тексеріп жатқан ешкім жоқ. Осы бақылау органдары қайда қарап отыр?
Жергілікті билік 410 миллион теңгелік ірі жоба мерзімінен кешігіп жатқанын растады. Қазір қала мен байланыстыратын жалғыз жолдың 7,2 шақырымына әзер дегенде асфальт төселіпті. Қалған 3,3 шақырымында жұмыс әлі аяқталмаған.
НҰРЛАН НЕСІПБЕКОВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мердігер аяқтамаған соң 10-нан бері қарай 0,1 пайыз өсімпұл жүріп жатыр. Қазір мердігер тұрғындарға ертеңнен бастап, бір апта көлемінде толық аяқталатыны туралы мәлімдеді.
Әкімдік мердігер 20 күн ішінде асфальт төсеу жұмыстарын аяқтамаса, онымен жасалған келісімшартты бұзатынын айтты. Сөйтіп қайтадан жаңа мердігер іздемек.