Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 5 просмотров

Бизнесмендер тегін салып жатыр

«Атаңнан тал қалғанша – мал қалсын» деген мақалды бәріміз білеміз. Ақтөбенің біраз кәсіпкері осы нақылды өмірлік ақыл етіп алған сыңайлы. Тек өзімізге ғана болсын деп емес, туған жерімнің көркеюіне де үлесімді қоссам деген 26 бизнесмен қаладағы тозығы жеткен саябақтарды жөндеп, кейбірі халыққа тынығатын орынның жаңасын салып беріп жатыр екен.

«Тұрғындар қалашығы» ауданындағы бұл гүлзардың ашылғанына қуанбаған жан жоқ. Әйтпесе осы уақытқа дейін азып-тозып кеткен аумаққа жиналып алып, ішімдік ішіп, мазаны алатындардан әбден зәрезап болған едік дейді маңайдағы жұрт. Қазір аумақ адам танымастай өзгерген.

ТАМАРА ҚҰРМАНҒАЗИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұрын кішкене ластау болды, күтімсіз болды, ыңғайсыз жағдайлар да болды. Қазіргі уақытта міне, көркейіп, үлкейіп, өте жақсы күйге келтірілді. Біз немерелерімізбен, апайлармен осы жерде қыдырамыз, бізге ұнайды.

Тынығатын алаңқайда кәсіпкер тындырған шаруа көп. Үш мың шаршы метр аумаққа тас жол төсеп, жарықтандырыпты.

ЗҰЛҚОЖА ҚОЖАЕВ, КӘСІПКЕР:

Туған жер, Отан дейді. Әр адамның өзінің жүрегінде бір сезім болуы керек. Менің осы қоғамға, елге деген сезімім болып, жалпы өзім Жилгородок ауданында тұрамын. Көшіп келгеніме 20 жылдың үстінде, бірақ осы жер мен үшін бір шашылып жатқан жер болды. Үш мың шаршы метрге жуық брусчатка кетті. Төрт мың шаршы метр жерге газон егіліп жатыр.

Тұрғындар қалашығындағы саябақ тек тынығатын жер ғана емес, белсенді өмір сүру орталығына айналып үлгеріпті. Мұнда ақ жаулықты апалар бас қосып, табиғат аясында таңғы жаттығу жасап, түрлі мәдени шара өткізеді.

Ал филармония жанындағы аллеяны жөндеп беруге қаланың тасымалдаушы компаниясы ниет білдірген. Жаңғырту жұмыстарын бастамас бұрын маңайдың тарихи келбетін сақтап қалуға тырыстық дейді. Құрылыс аяқталуға жақын. Жалпы толықтай жаңалауға компания 120 млн теңге жұмсаған.

ҰЛАН ӨКСІКБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Бұл – біздің қаламыздың тарихи ауданы, адамдар көп жүреді. Бұл жерде бастапқыда барлық жабдық кішкене ескірген. Соны жаңартып жатырмыз. Қазір полив өткіземіз. Көгалдарды суарып тұратын болады.

Қалалық әкімдік шаһардағы саябақ, аллея мен гүлзарларды жаңалап, қайта салуға кәсіпкерлерді тарту тәжірибесін үш жыл бұрын қолға алды. Содан бері 50-ге тарта қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Құрылысқа қазынадан бір тиын да бөлінбейді, барлық абаттандыру жұмысын кәсіпкерлер өз мойнына алған.

← Все новости