Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 19 просмотров

Есту қабілетін ерте анықтайтын жүйе іске қосылды

Қазақстанда алғаш рет есту қабілетінің бұзылуын ерте анықтайтын бірыңғай жүйе іске қосылды.

Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханада аудиологиялық скринингті сүйемелдеуге арналған трекинг-орталық ашылды. Жаңа жүйе «Мен естимін» пилоттық жобасы аясында сынақтан өтуде. Жүйе нәресте туыла сала оның диагнозын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, оларды есту аппараттарымен қамтамасыз етіп, оңалту кезеңін барынша қадағаламақ. Пилоттық жобаның басты мақсаты – еліміздегі мүлдем естімей, ыммен сөйлейтін балалар санын азайту.

АТЫМТАЙ ТУҒАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ СУРДОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Егер отбасында саңырау, мылқау бала туылса, көп отбасы қайғы-мұңға батып кетеді. Бұл ащы шындық. Өйткені судың, желдің, тіпті туған анасының дауысын білмей өтеді. Осындайда отбасы ыдырайды. Ал кішкентай бала өмірде өз жолын таба алмайды. Біздің пилоттық жобаны құрудағы мақсатымыз – саңырау адамға дыбыс сыйлау, алдын ала тексерістің нәтижесінде әр ерекше отбасына үміт беру, ыммен сөйлейтін адамдар қатарын азайту.

Трекинг-орталық жыл басынан бері 11 баланың толық есту қабілетінен айырылғанын дер кезінде анықтаған. Олардың барлығына кохлеарлық имплантация қойылып, қазіргі уақытта оңалту курсынан өтіп жатыр. Тағы 200 балаға күрделі ота жасапты. Дәрігерлер балаға неғұрлым ерте көмек көрсетілсе, соғұрлым есту мен сөйлеуді сақтап қалу мүмкіндігі артады дейді.

ЖАНАР БАЙСЕРІКОВА, ЕМДЕЛУШІНІҢ АНАСЫ:

Менің қызымда кохлеарлық имплантация бар, ол жақсы естімейді, нейросенсорлық құлақ мүкістігі бар. Біз оның диагнозын 2,5 жасында білдік. Бір жылға дейін есітіп жүрген қызым аяқ астынан саңырау болып қалды. Дәрігерлер антибиотикті шамадан тыс қолданғаннан болған дейді. Әуелі есту аппаратымен ұзақ жүрдік, кейін осы имплантты орнаттық. Содан бері түсінігі қалыптасып, сөйлей бастады. Қазір гимназияда оқиды.

Гүлназия Мейірханқызы

← Все новости