Самаурынның шайын ішіп, ыстық бауырсақ жегіңіз келсе, Жамбылға барыңыз. Әулиеатада әкімдер алыс жолға шыққан шопырлар ұйықтап кетпес үшін осындай «Ұйқыашар» акциясын қолға алды. Түн ортасында шенеуніктер жол бойына палаткалар тігіп, жолаушылар үшін ошаққа от жақты. Күре жолда көлікті ұзақ жүргізген жандарға ауыл дәмінен ұсынды. Тіпті сергіп алсын деп салқын сусындар да дайындап қойған. Қажет болса, қан қысымын өлшеп, мамандар дәрігерлік кеңес те беріп жатыр.
АЛИДЖОН АШУРОВ, ТӘЖІКІСТАН АЗАМАТЫ:
Мені жолда полицейлер тоқтатты. Бастапқыда түсінбей қалдым. Арнайы тексеріс пе, әлде жол ережесін бұздым ба деп. Сөйтсем, Шуда ерекше акция жүріп жатыр екен. Жолдағы жүргізушілердің барлығын тоқтатып, тамақ, ас-ауқат беріп, барлығымызды қуантып қойды.
Осы арқылы жергілікті билік жол бойындағы апаттарды азайтпақ ниетте. Бір түнде 100-ге жуық көлікті тоқтатып, қызмет көрсеткен аудан билігі бұл бастаманы әрі қарай да жалғастырмақ. Келесі жолы атқамінерлер 6 қанатты киіз үй тігіп, жобаның ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
БАҚЫТЖАН ЖӘНІБЕКОВ, ШУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қазаннан ыстық бауырсақтар шығарып, өзіміздің ауданнан шығарып отырған әңгелек пен қарбыздарды ауыз тигізіп жатырмыз, міне. Осындай керемет дүние. Іс-шарамызды әрі қарай үлкейтсек пе деген ниетіміз бар. Дастарханымыз барған сайын үлкейе береді деген ойдамын. Тоғыз жолдың торабын осылай біз қолдануымыз керек.