Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде ТЖБ мен БЖБ болмайды. Яғни тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталды. Алайда бұл барлық сыныптарға қатысты емес. Тек бастауышта оқитын оқушылардың білімін бағалау жүйесі өзгерді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұндай шешім кешенді талдау жұмыстарының нәтижесінде қабылданған. Зерттеу барысында бұл тәсіл 1 мен 4 сыныптағылардың білім деңгейін толық көрсетпеген. Енді оқу бағдарламасына бұрынғыдай диктант, шығарма, мазмұндама мен бақылау жұмыстары енгізіледі. Осылайша, балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, игерген қабілет-қарымын жан-жақты әрі нақты айқындауға мүмкіндік болмақ.