Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 6 просмотров

Бөпелерді батыр қылып шығарады

Өскеменде қолы алтын дәрігер бар. Оны айы-күні жетпей, ерте босанған келіншектердің қорғаушысы деуге де болады. Өйткені ақ халатты абзал жан салмағы 500 граммға әзер жететін бөпелерді адам қатарына қосып, көптің батасын алған.

Жұлдыз Абулованы сәбилердің екінші анасы деуге болады. Өскеменнің бөпелерінің күтімін жасап жүргеніне 16 жылға таяды. Мына нәрестенің дүние есігін ашқанына — небары 12 күн. Салмағы 800 грамм. Күн санап қоң жинаса — тұтас неонатология бөлімі қуанады. Оның жағдайын дәрігерлер ғана емес, аппараттар да қадағалап тұр.

«Привет, малыш, как у тебя дела? Как у тебя самочувствие сегодня?»

Неонатолог Жұлдыз Абуллова әр пациентімен амандасып, тілдеседі. Сонда бөбектер өзінің жалғыз емес екенін сезеді дейді. Кенгуру деп аталатын әдісті де сол үшін енгізген. Жаңа босанған аналарды шақырып, балаларын бауырына басқызады.

АЙНҰР САПАРҒАЛИЕВА, ЖАҢА БОСАНҒАН АНА:

Қазіргі жағдайы бірқалыпты, жақсы деп айтуға болады. Осы бөлімнің барлық медбикелері де өте білімді, жоғары деңгейлі. Көмектерін аямай, күні-түні көрсетіп жатыр. Алғысым шексіз!

Салмағы кішкентай бөпелерді еріктілер де аялауға асық. Жылы-жұмсағын алып, үнемі келіп тұрады. Ал мына тоқылған дүниелердің көмегі зор. Қырықаяқты еске түсіретін ойыншықтар сәбидің ортаға бейімделуіне септігін тигізеді дейді. Дәрігер Жұлдыз Абулова болса, білімін үнемі жетілдіруден жалықпайды. Израиль мен Түркиядан біліктілігін арттырып қайтқан.

САНДУҒАШ СМАЙЫЛОВА, АҒА МЕЙІРГЕР:

Жұлдыз Өміртаевна қазір неонатология қызметінің басшысы. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімі мен тәжірибесін ұжымымен бөлісе білетін білікті басшы деп білемін.

Дәрігерлер мен медбикелер бөлімдегі әр баланың жағдайы үшін алаңдайды. Тезірек салмақ қосып, аналарымен қауышқанын қалайды.

ЖҰЛДЫЗ АБУЛОВА, НЕОНАТОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫ:

Салмағы жетілмей туған балаларды қатарға қосудың көрсеткіштері артып келе жатыр. Оның арасында 1 келіге жетпейтіндер де бар. Мысалы, біз сондай балалардың 80 пайызын күтіп-бағып шықтық. Бұл — қажырлы еңбектің нәтижесі. Осындағы барлық қызметкер тәулік бойы балалардың жанынан шықпайды. Бір жағынан осы кәсіп менің өмірім десем де болады.

Өмірін сақтап қалған әр сәби — дәрігерлер үшін үлкен жетістік. Ал олардың табандылығы мен мейірімі талай отбасыға үміт сыйлап келеді.

← Все новости