Енді паспорт пен жеке куәлікті арнайы биометрикалық терминал арқылы рәсімдеуге болады. Жаңа қызмет Астана, Алматы, Шымкент пен облыс орталықтарында қолжетімді. Бір шарт бар. Жеке куәліктің мерзімі аяқталуына 30 күн қалғанда немесе мерзімі 10 күнге өтіп кетсе ғана осылай рәсімдеуге болады. Жүйеге енгізілген сурет немесе қолтаңба талапқа сай болмаса, өтініш жойылып, азаматқа СМС-хабарлама жіберіледі. Ал терминалда 10 минуттан астам техникалық ақау туындаса, құжат бұрынғыдай қағаз түрінде рәсімделеді. Пилоттық жоба 28 тамыздан басталып, жыл соңына дейін жалғасады.