Смартфондар нарығында ауқымды реформа. Енді бүгіннен бастап кез келген ұялы телефонды сатып ала алмайсыз. Республика аумағында саудаланатын құрылғылардың барлығы тегіс тіркелуі шарт. Ал басқа елден гаджет алып келетін жеке тұлғалар жылына тек екі данасын ғана шекарадан өткізе алады. Бұл өзгерістердің барлығы көлеңкелі схемалардың алдын алу мақсатында жасалып отыр. Тиісті түзетулер «Байланыс туралы» заңға, сауда-саттықты реттеу ережесіне және «Тұтынушылардың құқығын қорғау» нормаларына енгізілді. Смартфондарды верификациялау ережесі елімізде бұған дейін де қолданылып келген. Бірақ ол уақытта бұл жұмыстар мемлекеттік органдардың қатысуынсыз жасалған екен. Ал алынған телефондар күмәнді болмас үшін құрылғының жеке сәйкестендіру нөмірі Жаһандық мобильді байланыс желісі қауымдастығының деректер базасында тіркелуі шарт. Дегенмен кәсіпкерлердің тексерістен өтпеген тауарды саудалауға құқығы жоқ.