Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 2 просмотра

Қайтқан миллиардтар — халық игілігіне

Өзге елдің есепшоттарында жылдар бойы жатып, бөгде мемлекеттің көсегесін көгерткен активтер енді өзіміздің пайдамызға жарауда. Миллиардтаған қаржыға медициналық орталық, мектеп пен халыққа қажет деген ғимараттар тұрғызылып жатыр. Арасында УЕФА-ның бар талабына сай келетін футбол стадионы да бар. Нысан бой көтерсе, доп тепкен қазақ ұл-қыздарының әлемдік аренадан көрінуіне сеп болары сөзсіз.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Дәл осы стадион мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен толық жөндеуден өтіп, УЕФА талаптарына сай жаңартылған. Енді мұнда жеті жүзден астам бала футболмен айналысып, кәсіби жаттыға алады. Бұл — тек бір ғана нысан емес. Елімізде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 400-ден астам әлеуметтік нысан жүзеге асырылып жатыр.

БЛИЦ:

Негізі төбесі болмаған еді, футболға келгенмін. Өте ескі еді, жақсы жасаған екен. Мына жердегі условиялар күшті, газондары да, мұнда ойнағаннан удовольствие көп аласың. Өте тамаша, керемет екен, жақсылық тілеймін, осы жерден біздің чемпиондар шықсын.

Мемлекет басшысы қайтарылған қаражаттың барлығы халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс деді. Расында Президент тапсырмасы нақты жүзеге асып жатыр. Бұл қайдан қайтқан актив десеңіз, айтайын. Бір кездері шетел асып, мемлекет бақылауынан шыққан миллиардтар енді ел экономикасына қайта оралып жатыр. Кәсіпорындардағы үлестер, қымбат жер телімдері, элиталық тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар, люкс көліктер, зергерлік бұйымдар бар бұл тізімде. Осының бәрі қайтарылған активтерді басқару компаниясына беріледі.

ҚУАНЫШБЕК МҰҚАШ, ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕРДІ БАСҚАРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің мақсат — қайтарылған активтерді сақтандырып, бағаланған сомасынан кем сатпау. Әртүрлі механизмдер бар. Ең бастысы — ағылшын тәсілі, аукцион арқылы сату. Бұл процестер қазіргі кезде цифрландырылған. Тарихи құндылықтары бар активтерді біз бір жыл бұрын экспонат ретінде тапсырдық. Ұлттық музейден көруге болады. Сақ дәуіріне тиесілі зергерлік бұйымдар. Жалпы активтер сатылғаннан кейін 7 күннің ішінде Қаржы министрлігіне бағынысты арнаулы қорға түседі. Сол қордан әлеуметтік жобаларға қаражат бөлініп жатыр.

Иә, мемлекетке қайтарылған қаражаттың құны қазір 1,1 трлн теңгеге жетті. Оның 617,7 миллиард теңгесіне 466 әлеуметтік, коммуналдық және инфрақұрылымдық нысан салынып жатыр. Басымдық әсіресе жылдар бойы қордаланған мәселесі шешілмей келген шалғай ауылдар мен елді мекендерге берілген. Соның нәтижесінде бір жерде ауызсу тартылса, енді бірінде аурухана мен медициналық пункт салынып жатыр. Мектеп, балабақша, спорт кешендері де осы тізімде.

МҰРАТ ТӨЛЕГЕНОВ, БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның мақұлдауымен 1 триллион 300 миллиард теңгеден астам активті қайтару бойынша шаралар қабылданды. Оның 1 триллион 154 миллиард теңгеден астамы мемлекетке қайтарылды. Соның 1 триллион 44 миллиард теңгесі — ақша, 110 миллиард теңгесі — мүлік түрінде. Сондай-ақ көлік және логистика саласындағы 18 ірі нысан қаржыландырылды. Олардың қатарында Арқалық, Үржар, Балқаш және Павлодар әуежайларын салу және қайта жаңғырту жобалары бар. Бұл нысандар өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, халықтың жүріп-тұру мүмкіндігін арттыруға және туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Бас прокурордың тапсырмасымен әрбір әлеуметтік нысан құрылысының барысы мен сапасы аумақтық прокурорлардың тұрақты бақылауында.

Бұл жұмыстың соңы емес. Прокурорлардың айтуынша, активтерді қайтару жалғасқан сайын арнаулы қордағы қаражат та толығады. Соған сәйкес елдің қажеттілігіне қарай жаңа әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен қаржыландырылмақ.

← Все новости