Түркістан облысында жасы жүзге жақындаған Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмеджан Анартаев сайлауға барып, дауыс берді. Сайрам ауданының тұрғыны тәуелсіздік жылдарынан бері ешқандай саяси науқанды жібермепті. Әркез өзінің азаматтық позициясын білдіріп келеді. Бұл жолы да сол үрдістен жаңылмай, сайлау учаскесіне өзі арнайы барып, таңдау жасады. Қарт майдангер бейбіт заманның қадірін түсініп, тыныш заманда саяси науқандарда белсенді болуға шақырып, батасын берді.
АХМЕДЖАН АНАРТАЕВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Жастарымыз аман, бақытты болсын. Көрген заманымыз тыныш болсын. Біз соғысты көргендер бейбіт заманды ерекше бағалаймыз. Сондықтан барымызды бағалап, ел үшін адалынан еңбек ете беріңдер.
Айта кетейік, Ахмеджан Анартаев 1926 жылғы 10 қарашада дүниеге келген. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-інші атқыштар полкінде қызмет атқарған. Қатардағы жауынгер ретінде Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға, Германиядағы ұрыстарға қатысқан. Қазір 9 баладан 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшегі бар. Ал Ұлытау облысында 116 жасқа келген кейуана дауыс берді. Түймегүл Темірбаеваның белсенділігі болашақ ұрпаққа үлгі боларлық іс. Өмір бойы жұбайы екеуі жылқы бағып, адал еңбек еткен әже қазір 15 немере мен 25 шөбере сүйіп отыр.