Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 10 просмотров

Құрылтай сайлауында тұсауын кесті

Дәстүр мен даму ұлықталды! Бүгінгі Құрылтай еліміздегі салмағы үлкен қоғамдық-саяси оқиға ғана емес, сондай-ақ ұлттық дәстүр дәріптелген күн. Ақтөбелік Василий мен Танзила осындай маңызды күні өз таңдауларын жасағаннан кейін ұлдары Максимнің тұсаукесерін жасады. Жас отбасының мұндай шешім қабылдауына не түрткі болды?

Василий мен Танзила Ақтөбе облысында туып-өскен. Ұл мен қыз өсіріп отырған отбасы. Сайлау учаскесіне бір жастан енді асқан ұлы Максимді ерте келіпті. Ұлттық киім киген балақай да елдің назарын бірден өзіне аударды. Сөйтсек, ата-анасы көптің тілегімен тұсаукесер рәсімін жасауды жөн көріпті.

ТАНЗИЛА ЛЮЛИНА, ТҰРҒЫН:

Максимнің тұсауын кестіреміз дегенді отбасымызбен отырып талқыладық. Бұл — бізге жат нәрсе емес. Өйткені біз осы елде тұрғаннан кейін жанымызға жақын әдет-ғұрыпты сақтауға тырысамыз. Мысалы, Наурызды да тойлаймыз. Баламыздың жолы ашық, өмірі жарқын болсын деген ниетпен тұсауын кестіріп жатырмыз.

Ұлты басқа болғанымен, Танзила да ырымшыл. Максимнің тұсауын елге сыйлы, шаруаға икемді, кәсіпкер, облыстың қоғамдық өміріне араласып жүрген белсенді азаматқа кестірді. Ақ жолмен тәй-тәй басқан бөбектің алдына қойған заттардың арасынан ұлы Абайдың кітабын таңдады. Бір отбасының қуанышына сайлау учаскесіне келген барша адам ортақтасты.

ШОЛПАН ГАЙНАДУЛЛИНА, №49 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дауыс беру басталғаннан бері біздің сайлаушылар өте жақсы, белсенді келіп жатыр. Жалпы біздің учаске бойынша 1191 сайлаушы бар, оның төртеуі үйден дауыс береміз деп белгіленген. Қазіргі таңертеңнен бастап бірнеше сайлаушылар келіп-кетіп жатыр.

Сайлау учаскелеріндегі жағдайға келсек, әдеттегідей, ересектер жағы белсенді. Таң атысымен таңдауын жасап жатқандардың алғашқы легі де — егде жастағылар. Отбасымен келіп дауыс беріп жатқандар да бар. Жалпы тұрғындардың белсенді дауыс беруіне барлық жағдай жасалған.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Таңғы сағат жетіден бастап Ақтөбе облысы бойынша 525 учаскелік сайлау комиссиясы ашылып, жұмысын жасап жатыр. Саяси науқанға қатысу құқығы бар 578 мыңнан астам адам тіркелген. Сондай-ақ қала мен аудандарда сайлаушыларға қажетті ақпарат беру үшін call-орталықтары құрылды және сайлаушылар тізіміндегі аты-жөндерін тексеруге көмектесетін Telegram бот бар.

← Все новости