Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 16 просмотров

Көшесі бар, атауы жоқ!

Жамбылда ауылдың аты болғанымен, мекенжайы жоқ үйлер бар. Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылындағы 25 көшеге 19 жылдан бері атау берілмеген. Соның салдарынан қазір қарапайым халық қатты қиналып жүр. Әсіресе басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарға жедел жәрдем жете алмайды. Жеткеннің өзінде мекенжайды таба алмай әлекке түседі. «Қараусыз қалдық» деген қарашаның жанайқайы.

ДӘУРЕН ДОҒДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Бурыл ауылындағы бұқара мұндағы мекенжайды табудың өзі машақат дейді. Өйткені елдімекен картаға енгенмен, 19 жылдан бері көшелерге атау берілмепті. Сондықтан такси де, жедел жәрдем көлігі де қай жерге келгенін түсінбей қалады деп отыр. Ал әупірімдеп жеткен көлік жүргізушісі мына ойық-шұқыр жерді көріп, ары қарай жүруден бас тартады екен.

ӘБДІХАН БЕКІШОВ, БУРЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Такси бұл жаққа он мың берсең де келмейді. Ал енді жедел жәрдем шақырсаң, іздеп-іздеп келеді де, таппайды да кетіп қалады. Мына жерде көшенің аты жоқ. Не үйдің нөмірі жоқ.

Бурыл ауылында 15 мыңға тарта тұрғын бар. Үлкен елдімекен 4 алқаптан тұрады. Оның екеуінде мекенжай деген атымен жоқ. Сол себепті 25 көшедегі 300 үйді табу мұң. Ал аталған мәселені атқамінерлер реттеуге қауқарсыз дейді ашынған әлеумет.

ГҮЛМИРА СЕРҒАЗИЕВА, БУРЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әкімдер осы чатта отыр. Бәрін түгел айтып отырмыз. Естіп отыр әкім. Жағдайымыздың бәрін біледі. Бәрін білсе де ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Не қала емес, не ауыл емес. 4 көшеден кейін қаланың шекарасы.

Бұл мәселенің өзі әкімдіктің бас уайымына айналған. Осыдан 18 жыл бұрын жергілікті билік жер телімдерін заңсыз үлестіріп, осыған қатысты 4 адам істі болыпты. Бірақ неше учаскенің саудаға салынғаны белгісіз. Содан бері көшелер атаусыз қалып, билік оны енді қолға алған. Жыл соңына дейін үйлерге тақтайшалар іліп, ресми атаулары берілмек.

ЕРЛАН ӘШІРБЕКОВ, БУРЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Олардың біз аншлагын дайындап, өздерімен жиналыс өткізіп, қандай көше атаулары болу керек екенін ол кісілермен ақылдасып, соны біз ономастикадан өткізіп, қазіргі таңда ол дайын тұр. Нақты жаңа жылға дейін атауларын береміз.

Бұдан бөлек Бурылда жарықтың жиі сөнуі, жолдың жоқтығы, қоғамдық көліктің қатынамауы қарашаны қажытқан. Жауын жауып, жел тұрса, жұрт жарықсыз қалады. Тұрмыстық техника күйеді. Оқушылар батпаққа батып, мектепке баруы қиындайды. Өркениеттен ада қалдық деген тұрғындар елдімекендегі түйткілдің түйіні ертерек тарқаса екен деп отыр.

← Все новости