Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты өтіп жатқан сотта қасбеттің не себепті опырылғаны айтылды. Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов сарапшылардың қорытындысын оқып берді. Мамандардың тұжырымынша, сыртқы қабырғаның үгітілуіне бір ғана себеп емес, құрылыс кезінде жіберілген бірнеше кемшілік әсер еткен. Атап айтқанда, ғимаратта арматуралық торлар болмаған немесе талапқа сай орнатылмаған. Қаптама қабаты негізгі қабырғаға дұрыс бекітілмей, кірпіш арасындағы жіктер сапасыз толтырылған. Сарапшылар қасбетте ірі жарықтар мен қабырға қабаттарының арасында саңылаулар болғанын да анықтаған.
НҰРДӘУЛЕТ ӘБУОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:
Ұсынылған материалдар бойынша қираудың нақты қай минутта және қандай ретпен болғанын анықтау мүмкін емес. Техникалық белгілерге қарағанда, опырылу механизмі бірден емес, ғимаратты ұзақ уақыт пайдалану барысында біртіндеп дамыған. Алдымен қабырғалардың түйіскен жерлерінде және сылақ қабатында жарықтар пайда болып, олар біртіндеп ұлғайған. Одан кейін кірпіш қалау қабаттарының бір-бірімен байланысы бұзылған. Кірпіштің ылғалдануы мен үсіп-еруі салдарынан саңылаулар мен деформациялар көбейген. Соның нәтижесінде сылақ қабатының кірпішпен байланысы әлсіреген.