Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 23 просмотра

Алматыда күзгі шақырылым басталды

Алматыда күзгі шақырылым басталды.

Биыл күзде мегаполистен мыңнан астам азамат әскерге аттанбақ. Солардың алғашқы легі, яғни жиырмаға жуық бозбала туған-туыстарымен қоштасып, Отан алдындағы борышын өтеуге жол тартты. Салтанатты шара қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің шақыру пунктінде өтті. Әскери оркестрдің патриоттық әуенімен жас сарбаздардың есімдері салтанатты түрде оқылды. Жиында ардагерлер мен ата-аналар болашақ жауынгерлерге жігер беріп, төзімділік тіледі.

КРИСТИНА НОВИКОВА, АЛМАТЫ ӨҢІРЛІК ГАРНИЗОНЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Бүгін алғашқы жиырмадан астам шақырылушы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне аттанды. Әскери өмір – Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіріп, тәртіп пен төзімділікті қалыптастыратын маңызды кезең. Жас сарбаздар қызметін абыроймен атқарып, ел қауіпсіздігін күзетуге өз үлестерін қосады деп сенеміз.

Ел қорғауға аттанған жастар үшін бұл – үлкен өмірлік мектеп. Мұнда олар тәртіп пен батылдықты, шыдамдылық пен жауапкершілікті үйренбек.

ҚАБЫЛ ТАУБЕКОВ, ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫНЫҢ ӘКЕСІ:

Бүгін ұлымызды әскерге шығарып салып жатырмыз. Төбеміз көкке жеткендей қуаныштымыз. Бабаларымыз сияқты Отанын қорғауға аттанған үлкен азамат болды. Сапар шеккен жастарға тілерім: әскери міндетін аман-есен, өз күштерімен, абыроймен атқарып, үйге аман оралсын!

Гүлназия Мейірханқызы

← Все новости