Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 15 просмотров

Осал топтағыларға сапасыз үй берген

Қақыраған қабырға, су тамшылаған төбе! Қызылорда облысы Арал қаласында әлеуметтік осал топтардағы жандар жыларман күйде отыр. Үш жыл бұрын баспана берілгенде бөркін аспанға атып қуанған. Бір жыл өтпей жатып бөлмелердің арасы ажырап, қақ төбеден су ағып, сергелдеңге салыпты. Құрылыстың сапасыздығы соншалық, үйде отырып қабырға жарығынан күн сәулесін көруге болады екен.

Арал тұрғыны Әсемкүл Қазыбаева 2011 жылы толық емес отбасы санаты бойынша кезекке тұрған. Баспана оны екі жыл күткен жалғыз басты анаға 2023 жылы екі бөлмелі үй беріліпті. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады, сол жылы-ақ бөлмелердің төбесінен су ағып, қабырғалары жарылып кеткен.

ӘСЕМКҮЛ ҚАЗЫБАЕВА, АРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Барлық жері осадка бере бастады. Жарық, ойық, мына бір жағынан дала көрініп тұр. Күннің көзі, далада өсіп жатқан шөп те көрінеді. Төрт бұрышынан жарылған жерден салған сеткалары көрінеді.

Қалған үйлерде де жағдай осы дейді тұрғындар. Жаңбыр жауған кезде тұрғындар әкім-қараларды шақырыпты. Олар жұмысшыларды әкеліп, төбедегі саңылауды тек сылап ғана қоя салыпты. Тіпті кейбірі мысқылдап, бұл үйде көп тұрмайсыздар депті.

ГҮЛДАНА ТАСҚЫНБАЕВА, АРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бес жылдан кейін бұл үйлер құлайды деді, кірпіш дұрыс емес деп. Біз ол кірпішке жауап бере алмаймыз деді. Менің қолымда ұстап тұрған кірпіш полистерол бетон деген, өте жұқа, мінекей. Жеп-жеңіл, міне ұстап тұрмын. Іші қалытқы. Біздің үйлер осы, міне, қалытқыдан жасалып тұр. Шеге қағылмайды, үй өте жұқа.

Бұл үйлерді осал топтағы кезекте тұрған азаматтарға Арал ауданының құрылыс бөлімі сатып алған екен. Мердігерлер орташа есеппен бір пәтерді 15 миллионға бағалаған көрінеді. Тапсырыс берушілер бастапқыда еш ақауды байқамадық деп ақталды.

ЖАНБОЛАТ ДАНАБЕКОВ, АРАЛ АУДАНЫ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Аталған шағымданған үйлер бойынша қосымша зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Мердігер мекемемен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Мердігер мекемемен жасалған келісімге сәйкес кепілдік мерзім уақыты өтіп кеткен көрінеді. Шенеуніктер құрылысшыларға өтініш айтамыз деп отыр. Құрылыс материалдары сапасыз деген тұрғындар бұл уәдеге сенімсіздік танытуда. Сол себепті осал топтағы аралдықтар бұл үйлердің орнына жергілікті билік өкілдері басқа баспана берсін деген талап қоюда.

← Все новости