Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 1 просмотр

Байланыс бар, интернет жоқ

Ағайындарымен тілдесу үшін ағашқа өрмелеп кететін ауыл бар. Әлеуметтік желілерде аккаунттары болғанымен, оған кірейін десе «сеть» жоқ. Елдімекен оқушылары сабақ оқу үшін қыр басына шығады. Оның өзінде желі бір үзіліп, бір қосылып, шалғайдағы жұртты шырғалаңға батырады екен.

Жамбыл ауданына қарасты Қаратау ауылы қаладан шамамен 35 шақырым жерде орналасқан. Шекара маңындағы елдімекенде 800-ге жуық тұрғын бар. Көпшілігі Қырғызстанның SIM-картасын қолданады. Себебі мұнда отандық ұялы байланыс операторларына қарағанда, көрші елдің желісі жақсы ұстайды. Сондықтан жұрт амалсыздан қосымша телефон да сатып алады. Өйткені шетелдік SIM-картаны біздің телефондар оқымайды екен.

ҚАРЛЫҒАШ СЕЙІТОВА, ҚАРАТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мүлдем мақұрымбыз интернеттен. Жастар да көшіп кетіп жатыр ауылдан түк жоқ болғаннан кейін. Ұстамайды. Бірде ұстайды, бірде ұстамайды. Одан кейін анау қырға шығамыз. Біздер қазір қырға жарамаймыз. Қазір де бірде ұстайды, бірде ұстамайды. Бық-бық етеді де, жоқ болады.

Ауыл жұрты алты айдан бері байланысқа жарымай, интернет игілігін көре алмай жүр. Бірде бар, бірде жоқ желі алыстағы ағайынмен тілдесуді қиындатып, қарапайым хат-хабардың өзін үлкен мәселеге айналдырған. Енді тұрғындар тұрақты байланысқа қол жеткізуді биліктен талап етіп отыр.

НҰРҒАЛИ ПАНАПОВ, ҚАРАТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

100-150 метрден кейін байланыс жоқ. Ал енді анада жөндейтіндер келді. «Радиус всего 300 метров», дейді антенаның. 300 метр деген не ол? 3 шақырым болмаған соң. Кемінде 3 шақырым болу керек қой.

Алайда жергілікті билік байланыс мұнарасында мін жоқ деп міз бақпады. Айтуларынша, ауылдың басым бөлігінде интернет жылдамдығы жоғары. Тек елдімекеннің шет аймақтарында ғана желіге қолжетімділік төмендігі сәл-сәл байқалады дейді.

НҰРБАҚЫТ АЛИКОВ, АЙША БИБІ АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Интернет жүйесі байланыс бар. Ұстап тұр. Өзіміз де барып жатырмыз. Бізге берген жауабы бойынша жаңағы Kcell компаниясының аумақтығы ұстап тұр. Желі бар. 3G, 4G деп шыққан болатын, жауап берген болатын.

Тұрғындардың шағымынан кейін әкімдік тиісті операторға арнайы өтініш жолдапты. Енді мамандар алдағы уақытта байланыс мұнарасын қайта тексермек. Егер кем-кетіктер тұстары анықталса, компания оларды қайта қалыпқа келтіреді, дейді атқамінерлер. Әзірге нақты қараша қашан сапалы интернетке қол жеткізетіні белгісіз.

← Все новости