Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 3 просмотра

Қоқиқазды көруге келгендер көп

Фламингоны тек фотодан көріп жүрсеңіз, енді оны ашық айдыннан тамашалауға мүмкіндік туады. Ақмола облысының басшылығы қойнауы құтқа толы Қорғалжын өлкесінде экотуризмді дамытуға күш салмақ. Осы демалыс күндері аудан орталығына жүздеген мейман ағылды. «Flamingo Fest» деп аталатын фестивальде бас қосқан көпшілік өңірдің тұмса табиғатымен танысып, ұшқанда жалындай лаулайтын ғажайып құсты өз көздерімен көріп қайтты.

Бұл өлке сексен көлімен, сан алуан тіршілік иелерімен танымал. Елімізде қызғылт қоқиқаз қонатын екі өңір болса, соның бірі де осы жер. Қызыл кітапқа енген қанаттының көркі биыл да саяхатшыларды баурап, кезекті мерекеге арқау болды. Аққу ұшып, қаз қонған мекенді ду-думанға бөледі.

Қорғалжынның төрінде дәл осылай ән қалықтап, күй күмбірледі. Ал жиналған қауым болса, сирек кездесетін сезімтал құстың болмысын сөз етіп, аңызға бергісіз бейнесіне сүйсінісіп жатты.

ДУАНБАЙ ЫБЫРАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Ұшқан кезде жалын сияқты болып көтеріледі. Бұл Алланың берген құдіреті емес пе?! Мынау қоқиқаздың өзі бір жерге қонып, оны үркіткен болса, қайтып ол жерге келмейтін өте сақ құс. Қазақы мінезі бар құс деп айтуға болады. Сондықтан бүгінгі мейрам құтты болсын. Еліміздің амандығы, бірлігі болсын.

Фестивальге келген меймандарды сахнадағы думаннан гөрі осы өлкенің символы қызықтырғаны хақ. Қызғылт қоқиқазды көруге асықты. Осылайша, орталықта көп аялдамай, қанаттылар қонған Ұзынсор көліне бет түзедік. Білетіндердің сөзінше, ертеректе қорық аумағындағы фламингоның саны 45 мыңға дейін жеткен. Қазір қатары біршама сиреген екен.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Ал биыл Қорғалжынға 4500-ге жуық қоқиқаз қоныстаныпты. Мына ашық айдынға солардың бір тобы жайғасқан. Әсем құстар бұл жерде балапандарын баптап, қанаттандырып, кезекті сапарына дайындап жатыр. Оларды тамашалауға келген ағайын аз емес. Қатарында туристер де бар.

Иә, Қорғалжын қорығы – тұмса табиғат әуесқойларының сүйікті мекені. Өңірге жыл сайын 2 мыңнан астам шетелдік турист келетін көрінеді. Бұл жолы елшілік өкілдері де ерекше қызығушылық танытыпты.

ЛЮБОМИР РЕГАК, СЛОВАКИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Өте қызықты мекен. Осылай қоныс аударып, балапан басатын фламинголарды өз көзімізбен көрейік деп шештік. Қазақстанның табиғаты ғажайып, тыныштық пен бейбітшілік орнаған ерекше аймақ екен. Көлдері қандай әдемі! Негізі Астанаға да жақын жерде орналасқан, кез келген уақытта келіп тамашалауға болады.

Иә, табиғаттың бірегей сұлулығын көруге бас қаладан отбасымен келгендер де бар.

САЛТАНАТ АХМЕТЖАНОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қоқиқаздың осы керемет құбылысын көруге келдік. Ұшқаны, осы кісілердің келіп, көріп жатқаны бәрі керемет болып тұр. Біз оны бала кезден көріп үйренгенбіз. Олар қамыс арасында орналасты. Міне, бүгін Шалқар көліне келіп, ұшып-қонды. Сол құбылысты біз көрдік.

ЖҰЛДЫЗ ЗЕЙНОЛЛАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өте керемет әсер алудамыз. Қазақстанымыздың кең байтақ, әдемі табиғатында, кең байтақ жерінде бала-шағамызбен келіп, табиғаттың ерекше тіршілік иесі фламингоны тамашалап жатырмыз. Жағадан фламингоның қауырсындарын жинап алдық. Өте жақсы, әсер ерекше.

Қоқиқаздар қауіпсіз әрі қорегі мол орынға қонады, дейді табиғатты қорғаушылар. Негізгі асы – тұзды көлде мекендейтін артемия салина шаяны.

АҚБОТА НАУРЫЗБАЕВА, «ВИЗИТ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ, ЭКСКУРСОВОД:

Олар бір сантиметрлік, қызыл түстес болады. Оның құрамында кератин деген бар. Сол кератиннің арқасында қоқиқаздардың қанатының астындағы қауырсындары қызыл түске боялады. Негізі бізде мекендейтін қарапайым қоқиқаз. Бойы шамамен 120 сантиметрге дейін барады.

Мұндағы сирек құстар мыңдаған саяхатшыларды тартудың да таптырмас мүмкіндігі. Аймақ басшылығы осындай бастамалар арқылы туристердің санын арттыруды көздейді.

АЛМАС АЛИН, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біздің табиғатымыз бен мәдениетімізді ұштастырып, осының бәрін туристерге көрсетпекшіміз, біздің ауданға 84 көл бар. 365 құстың түрі бар. Осының бәрі біз үшін үлкен мақтаныш. Осының бәрін Қазақстанға келіп жатқан қонақтарға көрсетіп, туристердің санын екі есе, үш есе көбейткіміз келеді.

Ал көктем туа көлге қонған қызғылт қанаттылар қарашаның суығы түскенше осы айдынды мекен етеді. Қыс таяғанда Каспийдің оңтүстігін бетке алып, Иран, Ирак пен Пәкістанға қарай жылы жаққа қанат қағады.

← Все новости