Енді шетелде әскери білім алу тәртібі өзгереді. Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындарына іріктеуге жаңашылдық енгізді. Бұдан былай барлығын Ұлттық қорғаныс университеті халықаралық шарттар мен келісімшарттарға сәйкес жүзеге асырмақ. Ал сұрыптау тек әскери өмірді таңдап, салаға өмірін арнап келген бірінші курс студенттерінің арасында жүргізілмек. Олар шекара асып, білімін жалғастыру үшін 30 тамызға дейін жоғары оқу орнының бастығына рапорт беруі тиіс. Онда өзі жайлы деректер мен әскери атағын көрсетіп, болашақ білім ұясын белгілейді. Жалпы іріктеу үш кезеңнен тұрады. Алдымен құжаттарды тексеріп, кейін оқу тілі бойынша 30 сұрақтан тұратын тест тапсырады. Ал ең соңында тестте тіркеген нәтижесі мен ҰБТ-да жинаған балына сәйкес рейтинг жасақталады. Барлығын министрлік құрған қырағы комиссия бақылайды.