Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 6 просмотров

Теріскейдегі жылудың жайы

Қақаған аязда жұрт жылусыз қалмасын деп, жауаптылар қамданып жатыр. Әсіресе петропавлдықтар қыс қыспаққа алмай тұрғанда, тозығы жеткен желілерді жаңартып, ескі-құсқы құбырларды ауыстырып әлек. Көпқабатты үйлердің де осал тұстары түгел тексеріліп, кем-кетігі бүтінделген.

Петропавлдағы негізгі жылу көзі қысқа барынша мығым дайындалып жатыр. Мұнда турбиналар мен қазандық агрегаттары жаңғыртылып, техникалық әзірлік күшейтілуде. Бұған аз ақша емес, 20 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Станцияның өндірістік әлеуеті де, отын қоры да жеткілікті. Көмір мен мазуттың қажетті көлемі алдын ала қамдалған. Демек, сынап бағаны төмендегенде жылу өндіру тоқтамай, шаһар тұрақты қамтамасыз етіледі.

ДМИТРИЙ ЗАХАРОВ, ЖЭС-2 ДИРЕКТОРЫ:

Жылу маусымын бастауға бес қазандық пен бес турбина жеткілікті. Бізде алғашқы күннен сегіз қазандық, алты турбина іске қосылады. 30 қыркүйекке дейін тағы екі қазандықтың жөндеуін аяқтаймыз. Сонда қысқа он қазандық пен алты турбина толық әзірлікпен кірмек.

Жалпы орталықтан шыққан жылу тұтынушыға еш кедергісіз жетуі тиіс қой. Бірақ шаһардағы желілердің 80 пайыздан астамы әбден тозған. Жылдар бойы жамалып-жасқалған құбырлардың әлсіз тұсы көп. Жауаптылар бұл мәселені де назардан тыс қалдырмай, алдымен осал учаскелерді қолға алған. Қазір бірнеше магистральда жөндеу жүріп жатыр.

Қысқа дайындық көпқабатты үйлердің ішінде де қарқынды жүріп жатыр. Қазір орталық жылу жүйесіне қосылған 1200-ге жуық баспана тексерістен өтуде. Әсіресе мамандар жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерді бастан-аяқ қарауда.

ТИМУР ЖЕТПІСОВ, ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің қарамағымызда жеті үй бар. Қазір жылу жүйелерін шайып, қысыммен тексеріп жатырмыз. Сонымен қатар шатырды да қарап, көктемге дейін су өтпеуін қадағалаймыз. Кәріз жүйесін де тексеріп, ақау бар-жоғын анықтаймыз. Одан кейін су құбырларына кезек келеді. Бес үй толық дайын. Олардың дайындық паспорттары да бар.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАНҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Басқа да инженерлік желілердің жағдайы тексеріліп, қажетті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қалада 1198 орталық жылыту жүйесіне қосылған. Олардың 1112-сі техникалық тұрғыда жылу қабылдауға дайын.

Айта кетейік, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар ауданында жылыту маусымы басталды. Биыл орталықтандырылған жүйені алғаш болып Есіл ауданы іске қосты. Енді өзге елді мекендерге де кезең-кезеңімен беріледі.

← Все новости