Жапонияда өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар елге оралды. Алғашқы боп жеткендердің бірі — Қазақстан қоржынына бірінші алтынды салған велошабандоз Рината Сұлтанова. 20 қыркүйекте тасжолдағы жарыстың жекелей сынында қарсылас шақ келтірмей, Азияның чемпионы атанған еді. Ал 2 қазанда велотректегі омниум сайысында күмісті қанжығасына байлады. Бір өзі екі бірдей жүлде әкеліп, ел мерейін өсірген Рината еңбегім зая кетпеді деп қуанышымен бөлісті.
РИНАТА СҰЛТАНОВА, ХХ ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:
Мен осы алтын медаль үшін дайындалдым. Оны жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Жыл басында өзіме қойған мақсаттарымның бәрін орындағаныма қатты қуандым. Ол бақытты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осыншама қолдау көрсетіп, жанкүйер болған баршаңызға үлкен алғыс айтамын.
АЛЕКСАНДР КИЛИБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАС ЖОЛДАҒЫ ВЕЛОСПОРТТАН ӘЙЕЛДЕР ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:
Жарыстағы соңғы айналым бәрін шешті. Рината бар күшін жинап, артта қалған уақытын қуып жетті. Алаңдап, уайымдап тұрдық. Ең бастысы, қолдан келді. Әрине, мұнда спортшының өзіне де көп нәрсе байланысты. Рината — күрескер қыз, мінезі мықты спортшы. Ол өзінің мықтылығын тасжолда да, велотректе де көрсете білді.