Перейти к содержимому
· 9 просмотров

Бойжеткенді 16 жерден пышақтап өлтірген

Семейде 20 жастағы бойжеткенді 16 жерден пышақтап өлтірген қаскөй сотталды. Үкім шығардың алдында күдікті «жалаңаш суретіңді әлеуметтік желіге жариялаймын деп бопсалады, соған шыдамадым» деп ақталып бақты. Содан көзі қанталаған қаскүнем оның тамағына суық қару сұққан. Шарасыз бұрымды жарасын қолымен басып отырған сәтте өткір қарудың сабымен басынан екі мәрте ұрыпты. Онымен қоймай, желкі тұсы мен оң иығына бірнеше мәрте пышақпен соққы жасапты. Сосын денесін ауылдың шетіне сүйреп, жасырғысы келіпті. Алайда көп әріге апармай, үйлердің арасына тастай салған. Сорақысы сол, мәйітті алып бара жатқанда да тағы 4 рет суық қару сұғып үлгеріпті. Бүгін аса қатыгездікпен адам өлтірген күдіктіге қатысты сот шешімі шықты.

НИЯЗ ХАСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін Қарымсақов кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 20 000 000 теңге, материалдық залал үшін 1 169 600 теңге және өкілдік қызметтерге жұмсалған шығын үшін 500 000 теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.

Үкім шыққанымен, туыстары тергеудің теріс өткенін айтып отыр. Өйткені құзырлылар істі небәрі екі жарым сағатта сотқа жолдапты. Яғни оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерттелмеген. Ал Абай облысының прокуратурасы не үшін бұл істі жай ғана адам өлтіру бабымен саралағанын түсінбей дал.

САБЫРЖАН ТЕМІРХАН, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Басынан ұрғаны, зат табылған жоқ. Сол ескерілген жоқ. Содан кейін картина басқалай болған ғой бұл жерде. 50 пайызы өтірік қой айтып жатқанының бәрі. Енді ол іс осы бірінші тармақпен келіп түсті. Осы ең ауыр жазаны берді. Оған қанағаттанамыз. Енді апелляцияны уақыт көрсетеді.

← Все новости