Перейти к содержимому
· 25 просмотров

Түркістанда 600-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады

Республика күніне орай Түркістан қаласында 588 отбасы баспаналы болды.

Көне шаһарда жеті қабатты 14 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа пәтерлердің кілтін алғандардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтар да бар.

Кілті табысталған 588 пәтердің 194-і жалға беріледі. Ал қалған 394 баспана жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы үлестіріледі. Қаншама жыл үй кезегінде тұрып, өз үйлеріне қол жеткізгендердің қуанышында шек жоқ.

Облыс әкімі тұрғындарды төңірегін таза, үйлерін күтіп-баптап ұстауға шақырды. Биыл өңірде 3 мыңнан астам пәтердің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде Түркістан қаласында 43 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Қазір қала бойынша 23 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж ретінде тіркелген.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі: «2018 жылдан бері Түркістан облысында 1 миллион 261 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 23 мың 633 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Ағымдағы жылы да біз осы жұмысты жалғастырып келеміз».

Ғалымжан Кенжебек

← Все новости