Елдің мейірімін пайдаланып, қалтасын қампайтқандарға тосқауыл қойылады.
Елімізде интернет арқылы қайырымдылыққа қаржы жинау тәртібін қатаңдату жоспарланбақ. Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген заң жобасына сәйкес, елден жылу жинағандар түскен қаражаттың қайда, кімге және қандай мақсатқа жұмсалғанын тайға таңба басқандай жариялауға міндеттеледі.
Тіпті көмек алушылармен жасалған келісімшарттарды да ашық көрсетуі тиіс. Ал халықтың сеніміне селкеу түсіріп, түскен ақшаны мақсатсыз пайдаланғандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал.
Жаңа талап қайырымдылық қорлары мен садақа жәшіктерін де айналып өтпейді. Оларды орналастыру, рәсімдеу, қаржыны есепке алу және есеп беру тәртібіне нақты талаптар қойылмақ. Бұдан бөлек, еріктілердің еңбегін есепке алатын бірыңғай цифрлық платформа құрылмақ. Онда олардың қызмет бағыты, жұмсаған уақыты мен атқарған жұмысының нәтижесі тіркеледі. Заң жобасы 16 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Үсен Астана