Перейти к содержимому
· 2 просмотра

Әлеуметтік қолдау – Жолдаудың өзегі

Халықтың табысы, әлеуметтік көмек, ұстаздардың жағдайы. Қоғамды толғандырған бұл мәселелер Жолдауда кеңінен қозғалды. Мемлекет басшысы жәрдемақыны әділ бөлуден бастап, жалақыны арттыру мен бұқараның еңбек жағдайын жақсартуға дейінгі бірқатар міндетті айқындап берді.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Санатқа бөлу, жәрдемақы беру мәселесі байыппен шешілуі қажет. Көпті толғандырған түйткілді бүгін Президент тілге тиек етті. Бастысы, бұқараның хал-ахуалы ескерусіз қалмайды. Мұндағы мақсат – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, ауқатты мен шын мұқтаждың ара-жігін ажырату. Дегенмен енді жәрдемақыға келгенде бұрынғыдай ұзын арқан, кең тұсау болмайды.

ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл халықты масылдықтан сақтау екені айтылды. Біз айналамызда кім қажет етеді. Кім қажет етпейді. Біз өзіміз осындай баға беруден қалып барамыз. Бәрі жаппай жеген нәрсе болмайды. Ол нәрсе әлемде жоқ. Біз де сондай бір кезеңге келдік. Бюджетке сай, көрпеңе сай көсіл дейді ғой. Осы бағыттағы жұмыс бар. Екіншіден, нақты азаматтарға берілуі керек.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Есесіне ел азаматтарының табысын арттыруға мүмкіндік бар. Мәселен, учаскелік дәрігерлердің жалақысына еңбек өтіліне қарай 40 пайыз үстеме қосылады. Бұл дегеніңіз 77 мыңнан астам маман. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы механизмді іске қосуды қадап тапсырды. Бұдан бөлек, елдегі ең төменгі жалақы көлемі 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі. Осылайша, 2027-де 1 миллион 800 мың отандасымыздың табысы артпақ. Олардың ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар.

НИКИТА ШАТАЛОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Негізі, бұл мәселе еңбекақысы бюджетке тәуелді қызметкерлерге қатысты. Өйткені олардың айлығы ең төменгі жалақы мөлшерінде есептеледі. Әдетте оның өсуі мемлекеттік сектордағы жалақысы ең төмен қызметкерлерге қолайлы. Бұл тізімде мектептер мен ауруханалардағы еден жуушылар, қызмет көрсетуші персонал және басқа да жұмысшылар бар. Ең алдымен, бұл солардың әл-ауқатына жағымды әсер етеді.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Азаматтардың табысы ұлғайғанымен, қымбатшылықтың құрығы ұзын. Инфляция қос бүйірден қысса, бұның бәрі бекер. Мемлекет басшысының сөзінше, тұрмысты тежейтін осы бір түйткілмен жүйелі түрде күресу қажет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сипаттап айтар болсақ, инфляция – азаматтарымыздың әл-ауқатына күн сайын нұқсан келтіретін үнсіз жау. Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары. Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет.

Бағаның өсуін болдырмаудың алғышарттары бар. Қазір Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Президент елдегі банктердің активі 75 триллион теңгеден асқанын жеткізді. Депозит көлемі болса рекордтық межені көрсетіп, 52 триллион теңгені құраған. Ал салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақтаулы тұр екен. Ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға пайдаланып, қымбатшылықты тежеуге септесу.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Иә, әлеуметтік мәселе дегенде, ұстаздардың жағдайы қатар жүреді. Қара жұмысқа жегіліп, қағазбастылықтан арыла қоймаған мұғалімдер тағы бір кедергіге жолықты. Президент олардың жүктемесі көбеймесе, азаймағанын айтып шүйлікті. Балаға сапалы білім беруі тиіс ұлы мамандық иелері қазір ақпараттық жүйеге байланған. Басы артық жұмыстар жағдайды ушықтырып тұр, дейді депутат Асхат Аймағамбетов.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Тіпті мұғалімдер айтып жатыр. Таң атқаннан кеш батқанша рилс түсірумен инстаграм мен фейсбукқа, тик токқа жүктеумен айналысып кеттік деп айтып жатыр. Анау қосымша пайда болған тиісті ақпараттық жүйелерге біз ақпаратты жүктеуге, ата-аналарды шақырып, олардан жеке ақпаратты алумен уақытымыз кетіп жатыр дейді. Сондықтан мемлекет басшысы осы проблеманы көре отырып, біле отырып, мұғалімдердің ең басты қорғаушысы, қамқоршысы ретінде осы тапсырманы беріп отырғаны, менің ойымша, өте маңызды.

Жолдауда ұстаздарды қорғап, қолдаудан бөлек, бизнес өкілінің ахуалы да айтылды. Құзырлы органдардың шекпенінен шаршаған кәсіпкерлер енді бір жеңілдеп қалатын болды. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге тағы үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Іскерлік белсенділікке жүргізілген талдау мынаны көрсетеді: бизнеске жай ғана кедергі келтірмеу керек. Бұл тұрғыда 2020–2023 жылдардағы микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге мораторий қою тәжірибесі пайдалы болды. Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетті. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, бұрынғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Қағазбастылық мәселесі тек мұғалімдерде емес, мемлекеттік аппаратта да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің басқару жүйесін түбегейлі реформалап, ЖИ көмегімен қайталанатын міндеттер мен басқарудағы қарама-қайшылықтарды жою қажеттігін айтты. Осы орайда ол Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін осы жүйені жаңғыртудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

← Все новости