Перейти к содержимому
· 48 просмотров

Жолың жаман болса, битумнан көрме!

Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында «Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек!» осылай деп қадап айтқан еді. Қит етсе, бәрін битум мен қиыршық тастың сапасына ысыра салып, сылтау айтудың да қажеті жоқ екенін де ескертті. Міндет қойылды, енді оны жауаптылар қалай жүзеге асырады? Мақтаудан гөрі сын көп айтылатын жолдарымызбен қайтсек заманауи инфрақұрылымы бар елге айналамыз?

Жолдың жайын жақсы білетін — көлікті тізгіндегендер. Ақтөбе мен Хромтаудың арасына қатынайтындар әбден діңкесі құритынын аз айтқан жоқ. Тозығы жеткен жол жүйкені де тоздыратын. Осы аралықты төрт жолақты етіп кеңейтіп берсе екен деп айтып жүргендеріне де біраз болды.

МҰРАТБЕК АЙДОСҰЛЫ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ:

Көбіне Астана мен Ақтөбенің ортасында жүреміз. Осы сіздер жақта, Ақтөбе облысында Хромтаудан бері қала мен екі ортасының жолы өте нашар сапасы. Одан әрі Қостанайға қарай жол жөнделіп жатыр. Материалға байланысты шығар, мердігерлерге де байланысты, қалай салуына байланысты. Білікті адамдар салса, ол дұрыс болады деп ойлаймын. Бақылау болу керек шығар. Ол болмаса болмайды.

Қазір теңіз тасымалындағы тұрақсыздық құрлықтағы көлік тасымалының маңызын арттыра түсті. Президент дәл осы тұста бұл мүмкіндікті қалт жібермеуіміз қажет деді. Бұған Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің аумағымыз арқылы өтіп жатқанын қосыңыз. Ал мүмкіндіктен мүлт кетпес үшін жолымыз дұрыс болуы керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет. Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек, біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр.

Соңғы жеті жылда ел аумағында жөнделген және жаңадан салынған жолдардың ұзындығы 36 мың километрден асты. Жол құрылысы жүріп жатқан өңірдің бірі – Ақтөбе. Облыста республикалық маңызы бар трассаның жалпы ұзындығы – 1875 шақырым болса, биыл оның 1222 километрі жөнделіп жатыр.

РИНАТ ОРАЗҒАЛИЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ақтөбе-Қызылорда бағытында толыққанды қазір жұмыс басталып кетті. Жалпы ұзындығы 477 шақырымды құрайды. Қазіргі кезде Ақтөбе-Ұлғайсын жобасы бойынша жалпы, 3 санатты жол. Бұл жерде көлік қарқыны қазір тәулігіне 12-15 мың көлік жүрсе, соның өсу қарқыны, перспективада 20 жылға есептегенде тәулігіне 35 мың-40 мың көлікке дейін жүре алады.

Асфальтты тақтайдай етеміз деген мердігерлерге қазынадан қыруар қаражат бөлінеді. Алайда халық жол салатын компаниялар сападан бұрын табыс табуды ғана көздемегенін қалайды. Жөндеу жүріп жатқан жолдағы құрылыс сапасын мамандар бақылауға алған. Кінәрат тапса, дереу жоюға нұсқама беретін — солар.

ТЕЛЬМАН МАЛАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ұлттық сапа орталығы жасалып жатқан жұмыстардың сапаларын тексеріп, жол негізінен бастап жол төсемесі, негізі, асфальтобетон қоспасына дайындап жатқан қиыршық тастарды тексеруде. Биылғы жылға тоқталып кетсек, облыс аумағында 121 телім тексерілді. Соның ішінде 3000-ға жуық жол-құрылыс материалы зертханада тексерілген болса, оның ішіндегі 57 сынама сәйкессіздік болып шықты. Соның ішінде тексеру барысында 36 ақау анықталса, бүгінгі таңда 21 пайызы жойылып тұр.

Сапа демекші, «Қазавтожол» мекемесінің мамандарының айтуынша, салынып жатқан жолды тексеру бес сатылы деңгейден өтеді. Жабындының беріктігі әуелі мердігердің өз зертханасында тексерілсе, әрі қарай техникалық қадағалауға жауаптылар, содан соң авторлық қадағалаудан өтеді. Осы сатылардың бәрінен өткен соң ғана тәуелсіз сарапшы ретінде Ұлттық сапа орталығының қорытындысын алуы тиіс.

← Все новости