Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру саласына да мән берді. Ұстаздарды артық жүктемеден расымен босата алдық па? Осы сұраққа жауап іздеуге шақырды. Шеті көрінбейтін қағаз күйіндегі есептердің орнын электронды формат басты. Мұғалім жұмысын жеңілдетуі тиіс реформалар өз мақсатына жетіп жатқан жоқ. Осындай сын айтқан Президент Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар тапсырма берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет.
Ұстазды балағаттап, тіпті оған қол көтеріп жатқан жайттар әлеуметтік желілерде қызу талқыға түрткі болып жатады. Бұл ретте салада жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан мамандар отбасы құндылықтарының құлдырап келе жатқанын алға тартуда.
ҰЛБАЛА ТОЙЛЫБАЙ, № 114 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазіргі балалар, альфа ұрпақ дейміз, олардың тарапынан үлкенді сыйлау деген құндылық құлдырап бара жатыр. Бұл жерде, әрине де, мектеп негізгі базовый құндылықтарды қалыптастыруда өзінің рөлін әлі де жоғалтқан жоқ. Бірақ дегенмен осы тұста ата-аналар балаларына үлкенді сыйлау, құрметтеу керек деген құндылықты сіңіруі керек деп санаймын. Бұл ата-ананың да міндеті.