Перейти к содержимому
· 19 просмотров

«Халықтық құрылыс»: болашаққа салынған инвестиция

Жолдаудағы сан мәселенің арасында өңірлердегі құрылыстың қарқыны енді еселеніп, елге қажетті барлық нысанның түгенделетіні көптің құлағын түріп қойды. 2027 жылды қарқынды құрылыс жылы деп жариялаған Мемлекет басшысы жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын жедел бастау қажеттігін қадап айтты. Ал кез келген сала қатаң бақылауды қажет етеді. Әсіресе келер ұрпақтың еншісіндегі Ұлттық қор қаражаты есебінен бой көтеретін құрылыстың сұрауы тіптен бөлек болуы шарт. Осы жауапкершілікті терең сезінген Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінетін қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Маңыздысы сол, бақылау тізгіні тек мемлекеттік органдардың еншісінде қалмайды. Комиссия құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер де енеді.

Қаланың шынайы келбеті самсаған ғимараттармен ғана өлшенбейді. Сапалы жол, қолжетімді мектеп, заманауи аурухана, жарық әрі жайлы кеңістік – осының барлығы маңызды. Мұның дені – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылым. Ал игіліктердің қолжетімді болуы – ел дамуының маңызды көрсеткіші. Енді осы бағыттағы жұмыстар жаңа деңгейге шығады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес, бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.

Жаңа бастама аясында құрылыс жұмыстары елдің барлық өңірінде жүргізіледі. Атап айтқанда, автомобиль жолдары, әуежайлар мен вокзалдар салынып, жаңғыртылады. Денсаулық сақтау мекемелері, оңалту орталықтары бой көтереді. Білім беру, мәдениет, спорт және ғылыми инфрақұрылым да назардан тыс қалмайды. Мәселен, алдағы 2-3 айдың ішінде бұл жұмыстарға 1,5 трлн теңге бағытталады.

МАКСИМ СПОТКАЙ, «TALDAU AI ANALYTICS» САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ол ақша қайда кетеді? Ең алдымен әлеуметтік нысандардың құрылысына, одан кейін инфрақұрылым мәселелері бар. Одан кейін кейбір басқа да нысандар салынатын болады. Ол шынымен де халықтық құрылысқа біз халықтық ақшаларды жібереміз.

Құрылыс қарқыны артқан тұста сапа мәселесі де бірінші кезекте тұруы тиіс. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, мерзімінен кешіккен немесе талапқа сай салынбаған нысандар халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Сондықтан жаңа кезеңде басты талап – жылдамдық емес, сапалы әрі ұзақ мерзімге есептелген құрылыс болуы керек.

РИЗЗАТ ТАСЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:

Алдағы уақытта Үкіметтің мойнында – халықтық құрылыс бағдарламасын құру. Ондағы мақсатты индикаторлар базасын анықтау болады. Негізі, бұған негіз бар. Өйткені бұған дейін 2029 жылға дейін Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданған болатын. Соның аясында 2024 жылдың қорытындысы бойынша 202 жоба анықталған болатын. Енді соңғы Үкіметтің есебіне сәйкес, бұл жобалардың саны 262-ге жетіп отыр. Өйткені уақыт күтіп тұрмайды ғой. Яғни, инфрақұрылымға деген сұраныс өте артып келе жатыр.

Кез келген ірі құрылыстың бастауы нақты қажеттіліктен туындайды. Бір жерде халыққа жаңа мектеп керек, енді бір өңірде аурухана, ал шалғай елді мекендерде сапалы жол мен инженерлік желілерге сұраныс жоғары. Сондықтан алдағы жылы құрылыс жұмыстары тек ірі қалаларда емес, шалғай өңірлерде де жанданады.

ӘСЕМГҮЛ КАПЕНОВА, ЭКОНОМИСТ:

Тек қана үлкен қалаларда құрылыс жүргізілмейді. Әрбір аумақтарда жетіспеген осы инфрақұрылым іске асырылады. Мысалы, ауылдарда, біз білеміз, кейбір жерлерде су жетпей жатыр. Кейбір жерлерде жолдары дұрыс емес. Осының барлығы назарға алынып, мемлекеттен бөлінген қаржы арқылы жөнделеді, жаңартылады.

Ал бөлінген қаржының қайда және қалай жұмсалғанын бақылау бастаманың нәтижелі орындалуындағы негізгі шарттардың бірі. Ол үшін құрылыс барысын цифрландыру, қаражат қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Әрбір жоба бойынша шығын мен орындалған жұмыстың есебі нақты көрініп тұруы қажет.

РАБИҒА ТОҚСЕЙІТОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Цифровизация деп жатырмыз ғой, әрбір құрылыстың негізгі процестерінің барлығын цифрландырсақ, онда келешектегі бұл әңгіменің дұрыс нәтижесі болады деп ойлаймын. Мысалы, қазір кейбір жолға жұмсалған қаражат 500 млн болса, дәл сондай жол қарама-қарсы жерде 2,5 млрд қаражат керек.

РИЗЗАТ ТАСЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:

Тағы да оңтайландыратын бір мәселе. Бұл – әсіресе цифрлық теңгені пайдалану. Цифрлық теңгеде арнайы бағдарламалық код енгізіледі. Соның нәтижесінде қай мақсаттарға бөлінді қаражат сол тарапқа жұмсауға мүмкіндік бар. Ал басқа қаражатты жұмсай алмайсыз. Керісінше, одан бөлек ақшаның жүру ізін қадағалауға болады. Сондықтан бұл процеске Ұлттық банк те тікелей атсалысуы керек.

Ауқымды құрылыс экономиканың өзге салаларына да серпін беретін маңызды тетік. Өйткені әрбір жаңа нысанның артында ондаған кәсіпорын мен жүздеген маманның еңбегі тұр. Құрылыс материалдарын өндіруден бастап, тасымал, жобалау, инженерлік қызметтерге дейінгі салаларға сұраныс артады.

ҚАЙЫР РЫСПЕК, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Құрылыстың айналасында көптеген экономика секторы дамиды. Ол дегеніміз өнеркәсіп, металл өңдеу, бетон жасау. Жаңағы инертті материалдардан бастап, логистика, қызмет көрсету саласы бар. Көптеген қосымша әртүрлі экономика секторларын қамтиды. Елімізде көптеген нысандардың салынуы – ол, біріншіден, экономикалық драйвер. Нысандарды салуға бізде адамдар да жеткілікті. Керекті ресурстар да жетеді деп білемін.

Дегенмен жаңа нысандардың маңызы олардың қызметімен ғана шектелмеуі керек. Заманауи сәулет шешімдері ұлттық болмысымызбен де үйлескені жөн. Қоғамдық ғимараттардың келбеті қаланың өзіндік сипатын қалыптастырып, тарихи және мәдени құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.

ЕРЛАН СӘБИТОВ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

Құрылысты бастамас бұрын эскизный проект болады, одан кейін жұмысшы жобалар болады. Солардың барлығында негізгі қағидаттардың барлығы сақталуы тиіс. Сонымен қатар бұл жерде мемлекеттік органдардан мемлекеттік басқару органдарының қадағалауы қажет болады.

Мемлекет үшін бүгінгі құрылыс – ертеңгі ұрпаққа қалатын мұра. Сондықтан басты міндет – нысандарды көптеп салу ғана емес, олардың ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету. Аймақтарда бой көтерген кез келген мектеп сапалы білімге, іргетасы қаланған аурухана қолжетімді медициналық көмекке, әрбір жол өңірлер арасындағы байланыстың нығаюына жол ашуы тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Құрылыс – ел дамуының айқын көрсеткіштерінің бірі. Бүгін бой көтерген әрбір ғимарат – болашаққа салынатын инвестиция. Жаңа тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, жолдар мен әлеуметтік нысандар. Мұның барлығы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Биыл ауқымды құрылыс жобаларына басымдық берілмек. Екі ортада ұзақ жылдан бері тұралап қалған мынадай сақалды ғимараттарды да аяқтап алуға мүмкіндік ашылады. Халық жобалардың игілігін көп ұзамай көреді деген сенім бар.

← Все новости