Перейти к содержимому
· 21 просмотр

Миллион кімге бұйырады?

Миллионер болғысы келетіндер маман тапшы мекендерге қоныс аударса болады. Жүгіңізді бүгіннен бастап буып-түйіп, теріскей мен шығыс аймақтарына көшуге дайындалыңыз. Өңірлердегі жұмыс күшін толтыратын жандарға он миллион теңгеге дейін ақша беріледі. Бірақ бұл мүмкіндікке еліміздің барлық азаматы қатыса алмайды. Мамандар шақырылатын тізімде қай қала мен облыстар бар? Қайда бару керек? Құжаттар тізімі шықты ма?

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап тығыз қоныстанған мекендерде тұратын азаматтар еліміздің 8 өңіріне қоныс аудара алады. Атап айтсақ, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары қабылдауға дайын. Осы тұста елдің оңтүстік өңірінен теріскейге көшуді жоспарлап жүргендердің қатары қалың. Солардың бірі – Түркістан облысының тұрғыны Омар Сұлтанмұрат. Бірнеше танысы осыған дейін өзге аймаққа көшіп барып, тұрақтап қалған. Солардың тәжірибесін көрген соң, ол да тәуекел етуге бекініпті.

ОМАР СҰЛТАНМҰРАТ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бала-шаға әлі жастау содан кейін. Соған қарай барып, өзімнің денсаулығыма да ыңғайлы болады. Мына жақта погода жақпай жатыр. Әйтпесе осы Шымкентте туып өскенмін ғой. Денсаулық ыңғайы болмаған соң сол өңірлер маған ыңғайлы болып тұр. Жақты содан кейін баруға бекініп отырмын.

Бағдарламаға Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен ірі мегаполис қалалардың тұрғындары қатыса алады. Жоба бойынша тек жұмыс орны емес, кәсіптік оқыту мен бизнес бастауға да қолдау көрсетіледі. Ал басты талаптар мен өзгерістер жайлы жауапты министрлік өкілі жауап берді.

ДИНА ТЕМІРБОЛАТ, ҚР ЕХӘҚМ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІ ІШКІ КӨШІ-ҚОН ЖӘНЕ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Нақты елді мекен тізімі анықталған жоқ. Оның негізгі талабы 15 желтоқсанда жергілікті атқарушы органдармен белгіленеді. Ереже бойынша. 2027 жылдан бастап сұранысқа ие мамандар және фермерлер, ауыл шаруашылығы басшылары да қатыса алады. Мемлекет тарапынан қаржылық жәрдемақы төленеді, субсидия.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Енді мемлекеттік қолдаудың қалай төленетінін есептеп көрсек. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы біз атаған өңірге қоныс аударса, әр адамға 70 АЕК, яғни 328 мың 510 теңгеден біржолғы көмек беріледі. Бұл дегеніңіз – отбасы бюджетіне бірден 1 миллион 314 мың 40 теңге түседі деген сөз. Оны алу үшін сол аймаққа көшіп барған соң кемінде үш ай ресми жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдар төлеу қажет. Бұған қоса, үй сатып алғысы келетіндерге 1 625 АЕК, яғни 7 миллион 626 мың 375 теңгеге дейін экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Ал баспаналы боламын дегенше 1 жыл көлемінде пәтер жалдауға және коммуналдық шығындарды өтеуге де қаражат беріледі.

Министрлік бекіткен өңірлерде еңбек күшіне сұраныс жоғары. Сондықтан оңтүстік халқының да теріскейге қоныс аударуға деген ықыласы артып отыр. Бұл бағытта Түркістан облыстық Еңбек мобильділігі орталығы қарқынды жұмыс жүргізуде. Аудандарда арнайы бос орындар жәрмеңкелері өтіп, тұрғындарға барлық жеңілдіктер түсіндірілген.

ӘЛІМХАН ЖАМАЛБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің солтүстік өңірлерден келген делегаттармен бірге аудан, қалаларда жәрмеңкелер өткен. Кездесулер өткен. Соның есебінен жалпы солтүстік өңірлердің табиғатын, сол жердегі бос жұмыс орындарын, тұрақты жұмыс орындарын барлығын ұсынып, соның есебінен қызығушы жалпы біздің өңірімізде биылғы жылға 288 отбасы, 1322 адам қызығушылық білдірген.

Дей тұрғанмен, жаңа аймаққа көшіп барған азаматтарға тек қаржылай жәрдем жеткіліксіз. Әлеуметтанушы Нұрлан Байғабыловтың айтуынша, отбасылардың жаңа ортаға жерсініп кетуі үшін әлеуметтік жағдаймен қатар психологиялық қолдау да жасалуы тиіс.

НҰРЛАН БАЙҒАБЫЛОВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

Бір, екі, үш отбасы емес, ол жерде кластерлік көшу өте пайдалы. Оларды туыстарымен, көршілерімен неғұрлым біраз отбасы жанындағы топталған араласып жүрген өзіндік әлеуметтік топ ретінде қоныстанса, ол өте пайдалы және жерсініп кетуіне әсер етеді. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымды жақсартумен қатар жалақы, яғни қаржылық жағынан да қолдауды күшейту қажет.

Ескеретін маңызды жайт: мемлекеттік қолдауды алған азамат 5 жыл ішінде өңірден көшіп кетсе, алған қаражатын қайтаруға міндетті. Ал бағдарламаға қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы migration.enbek.kz порталы арқылы өтініш беріп, өңірлік квотаға ену қажет.

← Все новости